Қазақстанның АЭС салудағы талпынысы неден туды? Әрине, электр энергиясының тапшылығы. Қазір еліміз қажетті энергияны сырттан тасымалдауда. Демографиялық өркендеу байқалған қоғамда электр энергиясын тұтыну көлемі енді төмендемейді. Қазақ-станның басты байлығы адам. Ал сол адамның сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету биліктің кез келген сатысының басты міндеті. Әрбір қазақстандық сапалы өмір сүруі үшін тапшылық пен таршылықты сезінбеу керек. Жер-жерде осындай ұранды сөздер жиі естіліп жүр. Себебі, АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Жетісу өңіріне табан тіреген АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Толамисов, Болат Керімбек және Руслан Қожасбаев ауыл-ауылда, аудан-қалада кездесулер ұйымдастырып, Қазақстан үшін ғасыр жобасына баланған АЭС төңірегінде туындаған сан сауалға жауап беріп жүр.
Панфилов ауданынан басталған ақпараттық-түсіндірме жұмыстары Кербұлақ ауданында жалғасып, штаб мүшелері Алтынемел ауылындағы, Басши ауылындағы орта мектептерде және «Қызылжар» өндірістік компаниясында болып, тұрғындарды тағдыршешті сәтте қапы қалмауға шақырды. Өйткені АЭС салу Қазақстанды энергетикалық тәуелсіздікке ғана жетелемей, өндірістік өркендеуге бастайды екен. АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілі Руслан Қожасбаевтың айтуынша, халық негізсіз үрейге бой алдырмай, жарқын болашаққа негіз болар үмітке сенуі қажет
– Біз балаларымыздың қуатты және ешкімге мұқтаж болмайтындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз осы асқақ арманымызға қарай қадам жасаймыз. Қазақ- станның басты байлығы адам. Ал сол адамның сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету биліктің кез келген сатысының басым міндеті. Әрбір қазақстандық сапалы өмір сүруі үшін тапшылық пен таршылықты сезінбеу керек. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз, – деді Руслан Қожасбаев.
Шыны керек, Кербұлақтағы кездесулерде тұрғындар тарапынан бірнеше мәселе бой көтерді. Күреңбелдіктер АЭС-тің қауіпсіздігі, қоршаған ортаға – флора мен фаунаға зиян келтірмеу, Балқаш көлінің болашағы, электр қуатының бағамы сынды сауалдар жолдады. Өз кезегінде Болат Керімбек, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Толамисовтер реакторлардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны сақтау төңірегінде тұшымды жауаптар беріп, әрбір тұрғынның сапалы өмір сүруі үшін АЭС-тің қажеттілігін жіпке тізген моншақтай баян етті.
– Қауіпсіздік туралы айтқанда, қауіпсіздік шаралары сақталмаған Чернобыль АЭС-індегі қайғылы оқиға жұртшылықтың санасында атой салатыны анық. Осыған қарамастан бүгінде Украинада 5 атом электр стансысы жұмыс істейді. Ал Жапонияда Фукусима атом электр стансысындағы апатқа қарамастан адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ, қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемнің 18 елі 57 ГВт. электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік бар. Атом электр стансылары жаңа қуат, зор қуат көзі екені анық. Жердің байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр стансысын салуымыз керек, – деді Болат Керімбек.
Күреңбелдегі бірнеше кездесуден соң АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарында болды. Ақсуда ақпараттық-түсіндірме тобы Ақтоған, Қызылағаш ауылдарының тұрғындарымен, «Шоңай батыр» бастауыш партия ұйымы өкілдерімен кездесті. Жиындарда демократиялық үдеріс көшіне ілескен мемлекет үшін референдум өткізуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мәні һәм АЭС салудағы жаңа мүмкіндіктер жайы таразыланды. Қызылағаш елді мекені тұрғындарымен кездесуде Ғалиасқар Сарыбаев АЭС салу арқылы Қазақстан жаңа экономикалық мүмкіндіктерге қол жеткізетінін тәспірледі.
– Қазір әлемде қолданып жатқан АЭС-тер екі типті жұмыс істейді: бір контурлы және екі контурлы. Реактордағы реакциялардың салқындату және энергия өндіру тәсілі бұл. Бір контурлыда реактор бір желі арқылы салқындатылады. Ал екі контурлыда су-су-реактор әдісі қолданылады. Реактор екі мәрте салқындатылады. Мұның біріншіге қарағанда қауіпсіздігі жоғары. Жер шарында 400-ден аса реактор болса, оның 200-і осы әдісті қолданады. Әлемде салыну әдісі мен технологиясына сай АЭС-тер бірнеше буынға (поколение) бөлінеді. Әзірге айшықталған 5 буын бар. Соның төртеуі жүзеге асқан, соңғы буын әзірге жүзеге асқан жоқ. Апат орын алған екі стансы да ІІ буынға жатады. Бұл 1967 жылы салынған реакторлар. Ал біз ІІІ+ буынды реактор салуды көздеп отырмыз. Жүзеге асқан жалғыз V буынның АЭС-і Қытайда. Қазақстанның таңдауы түскен буындағы АЭС-тер әлемде өз қауіпсіздігін дәлелдеді, – деді штаб мүшесі.
Сарқан ауданында АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өкілдері Сарқан политехникалық колледжінің, «Арлан» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен және ақжаулықты аналармен кездесті. Мұндағы ағайын да АЭС-тің қажеттілігін түйсінгендей. Дейтұрғанмен, сәулелі элементтердің қалдығын сақтау, ядролық физика саласындағы кадр мәселесі және Қазақстанның АЭС-ке қажетті отынды даярлау төңірегінде сауалдар жолданды. Өз кезегінде штаб мүшелері жасыл экономиканың локомотиві саналатын АЭС салудың артықшылығына, бұл реттегі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.
– АЭС экономикалық тұрғыда аса тиімді. Мысалы, 1 грамм уранның қуаты 100 тонна көмірді жаққанмен пара-пар. Ал одан шыққан қалдық та аз болмасы анық. Мәселен, қуаты 1 ГВт. болатын АЭС-тен шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдық шығады және қуаты 1-1,5 млн. халқы бар қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Бұл ретте қуаты дәл осындай жылу электр орталығы 200-300 мың тонна қалдық шығарады. Жоспарлы АЭС-ті салуға 8000 адам жұмылдырылады. Бұл да экономикалық тұрғыдан ел халқын жұмыспен қамтуға үлкен серпін болмақ. Ал АЭС пайдалануға берілгенде 2 000 адам жұмыс істейтін болады. Олардың 300-і жоғары білімді, 1 500-і арнайы мамандықтар бойынша, қалған 200-іне мамандықтың қажеті жоқ. Сонан соң жұрт дабыра қылып жүрген Балқаштың флорасы мен фаунасына ешқандай қауіп жоқ, – деді Амангелді Толамисов.
Алакөл ауданындағы сапар барысында халықтық штаб өкілдері Көктұма, Абай және Достық орта мектептерінде кездесу өткізді. Жиындарда насихаттық топ АЭС салудың артықшылығына, бұл реттегі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды. Олар Қазақстан болашақта тек АЭС емес, баламалы энергия көздерін пайдалануға бет бұратынын жеткізді. Айтуынша, әлемде жаңартылатын энергия өндіруді 100 пайыз қолға алған мемлекет жоқ екен. Дамыған елдер энергетикалық мүмкіндігін АЭС-тен көріп отыр. Ал, Қазақстанда жаңартылатын энергияны игеруде өз технологиялық ерекшеліктері бар: олар күннің циклділігі, желдің жиілігі сынды жағдайлар. Жыл мезгілдерінің де жағдайы ескерілуі керек екен.
– Сәулелі элементтен үрей көріп, қауіптілігін алға тартып жүрген отандастарымыз да бар. Бірақ, олар біраз жайдың астарына үңіліп отырған жоқ. Бір АЭС салып, Қазақстан энергиялық тапшылықты толықтай еңсеріп тастамайды. Атом электр стансысымен қатар баламалы энергия өндіруді де басты мақсат етеміз. Былай айтқанда, еліміздің болашағы АЭС-пен қатар жаңартылған энергия көздері симбиозына негізделмек, – деді Ғалиасқар Сарыбаев.
АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб өкілдері өңірдегі кездесулерін әлі де жалғастырады. Олардың басты мақсаты – әрбір тұрғынды 6 қазанда өтетін тағдыршешті сәтте қалыс қалмауға және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын АЭС салуды қолдауға шақыру.
Дастанбек САДЫҚ