Қабат-қабат тізілген көпқабатты үйлер қала маңында қалыңдап, қала аумағы өсіп, айнала көркейе түсті. Бір-екі жылда жұрт айтатын «комфорт» үйлердің де қатары артты. Облыс екіге бөлінгенде қаланың шеті болып саналатын 7-шағынауданның қатарынан 8-9-шағынаудандар бой көтеріп, тұрғындар орналасып, аллеялар салынып, жол бойындағы жарық шамдар айналаға сәуле шашты.
– Өткен жылы облыста бюджет қаражатымен және жеке құрылыс салушылар есебінен, салымшылардың демеушілігімен 371,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Оған жалпы 24 млрд. теңге қаржы бөлініп, 21,7 млрд. теңгесі игерілді. Биыл 306,4 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Олар бюджет қаражатына «Самұрық-Қазына ҰӘК» АҚ демеушілігімен және де басқа қаржы көздерінен қаржыландырылады. Айта кетерлігі, облыста жеке компаниялардың құрылыс жұмысына белсене араласуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыда осал топтар санатына жататын азаматтарға да пәтер сатып алынып, олардың баспаналы болуына көмек көрсетілуде, – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Санжар Қабдыбекұлы.
Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы жаңа нысандар саны күн санап артып келеді. Оған қала тұрғындары, қонақтары да куә болып жүр.
– Талдықорған қаласы бойынша былтыр 155,2 мың шаршы метрлік тұрғын үй қолданысқа берілді. Қалада 218 пәтерден тұратын 103 тұрғын үй бой көтерді. Оның 97-і «Береке» коттеджді қалашығында орналасқан. Биыл 127 тұрғын үй, 752 пәтер пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта, «Самұрық-Қазына ҰӘК» АҚ демеушілігімен салынып жатқан 240 пәтерлік 4 тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Тұрғын үйлердің сәні мен салтанаты жарасым тауып, қала мен елді мекендердің шырайын аша түсті. Бұл баспанасыз жүрген тұрғындардың уайымнан арылып, алдағы жоспарларына алаңсыз кірісуіне мүмкіндік тудырады.
– Жолдасым 1-топтағы мүгедек. 2015 жылы Талдықорған қаласына тұрғын үй кезегіне тұрған едік. 2023 жылы Отбасы банкі арқылы конкурсқа қатысып, 2 бөлмелі үйге өтінім берген едік. Конкурстың талабы бойынша 1 бөлмелі үй бұйырды. Былтыр маусым айында көшіп кірдік. Оған дейін жалдамалы пәтерде тұрып, көп қиналдық. Қазір соның бәрі ұмыт болды, – дейді Талдықорған қаласы, «Құлагер» шағынауданының тұрғыны Жанар Серікбаева.
«Үйі жоқтың күйі жоқ» деген рас-ау. Өзіңе тиесілі 1 бөлмелі құжыраң болса жаның тыныштық табары анық. Өткен жыл, міне осындай мыңдаған адамның баспанаға деген арманы орындалып, алдағы үмітін үкілегенімен есте қалды.
Қажет АНДАС