Жетісу облысының тұрғыны Алакөл ауданындағы жол жөндеу жұмыстарының сапасына наразылық білдіріп, әлеуметтік желіде арнайы видео жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде көлік инфрақұрылымын дамыту шаралары жүргізіліп жатқанымен, кейбір учаскелердегі жұмыс сапасы тұрғындар арасында үлкен дау тудыруда. Сөз болып отырған жол – Алакөл ауданындағы Арқарлы ауылына баратын, ұзындығы 60-70 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар тасжол. Жарияланған бейнежазбада жұмысшылардың шұңқырларды асфальттың орнына кәдімгі құм мен балшықпен толтырып жатқан сәті таспаланған.
Бейнежазба авторы өз сөзінде жергілікті билік бұл тасжолды жаңартуға қомақты қаражат бөлгеніне сенімді екенін жеткізді. Ол өз наразылығын:
«Жігіттер, мен осы жердің тумасымын, мына жұмыстарыңды көріп жаным ашиды. Бұл – кәдімгі көзбояушылық. Технологиялар заманында емес, 90-шы жылдары өмір сүріп жатқандай кәдімгі балшықты салып жатырсыңдар. Билік бұл тасжолды жаңартуға қомақты қаражат бөлгеніне сенімдімін. Алғашқы жаңбыр мен қардан кейін бұл жұмыстарың шайылып кетеді де, қайтадан шұңқырлар пайда болады. Олар жүргізушілер үшін дөңгелектің жарылуы немесе картердің зақымдануы сияқты үлкен қауіп төндіреді. Мұндай жұмыс істеп, халықты алдағанша, мүлдем жөндемегендерің жақсы еді», – деп білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлеуметтік желіде тараған бұл ақпаратқа байланысты Алакөл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі де ресми түсініктеме берді. Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, Арқарлы ауылына баратын тасжолды орташа жөндеу жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Ал қазіргі жүргізіліп жатқан әрекеттер – уақытша шара.
Баспасөз қызметі өз жауабында мынаны атап өтті:
«Қазіргі уақытта «Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өз қаражаты есебінен шұңқырларды қатты жабынмен (ҚГҚ) толтыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған учаскені орташа жөндеу жұмыстары 2027 жылы қолайлы ауа райы жағдайында, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалады».
Айта кету керек, облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесуінде өңірдегі жолдарды жөндеуге 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін, оның 3 млрд теңгеден астамы Алакөл ауданына тиесілі екенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жол сапасына қатысты шенеуніктерді сынға алып, барлық автожолдардың құрылысына жауапкершілікті Үкіметке жүктеуді тапсырған. Қоғам белсенділері мен тұрғындар бұл жағдайдың жіті бақылауға алынып, жолдың сапалы түрде жөнделуін талап етуде.





