«QazaqGaz» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құжатқа сәйкес, екіжақты жұмыс Алматы облысының елді-мекендерін газдандыру үшін энергетикалық кешенді дамыту бағытында жүзеге асады.
«Жаңа облыс орталығы — Қонаев қаласына жаңа жобалар қажет. Біз энергетика, әлеуметтік және басқа да бағыттарда бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз. Жуық арада Алматы облысының елді-мекендерін газдандыру бойынша энергетикалық кешенді дамыту, табиғи газды мотор жанармайы ретінде қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыстарды бастаймыз. Елді-мекендерді газдандыру мұнымен тоқтамайды, басқа да облыстарға барып, халықтың жай-күйімен танысып, газдандыру жұмысын жалғастырамыз», — деді Санжар Жаркешов.
Айта кетейік, Үкімет қаулысын орындау мақсатында табиғи газды жанармай ретінде пайдалану бағытында да өзара әріптестік қарастырылған.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»





