Қоғамның өткені мен бүгінін жалғап, болашаққа бағыт беретін құнды деректердің алтын қоры – архив.
Жетісу облысының мемлекеттік архивіндегі бөлім жұмысының негізгі мақсаты – ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметі барысында қалыптасқан, заңмен белгіленген тәртіпте ұлттық құндылық болып саналатын ерекше тарихи, ғылыми, әлеуметтік әрі мәдени маңызы бар құжаттарды сақтау және тиімді пайдалану.
Бөлім тұрақты мемлекеттік сақтауға қабылданған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, олардың есебін жүргізеді. Архив қорлары мен құжаттарының құрамы мен мазмұнында орын алған өзгерістер жөніндегі мәліметтер есептік құжаттарға енгізіліп отырады, сондай-ақ, аса құнды құжаттарға жеке бақылау жасалады. Мұнда құжаттардың физикалық жай-күйін анықтау және сақтау шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Залалсыздандыру, дәрілеу, алдын ала өңдеу, істерді түптеу, өшіп бара жатқан мәтіндерді қалпына келтіру, мұқабалау, парақтарды нөмірлеу, шаң-тозаңнан тазарту, тігу, топографиялау, бар болуын және жай-күйін тексеру секілді жұмыстар атқарылып, олардың нәтижелері сараланып рәсімделеді. Сонымен қатар, архив қоймаларындағы температуралық-ылғалдылық режимнің сақталуы мен өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына тұрақты бақылау жүргізіледі.
Оқу залына келген зерттеушілер мен мекеме қызметкерлеріне, ұйымдар мен кәсіпорындарға құжаттарды уақытша пайдалануға беру де бөлімнің жауапты міндеттерінің бірі. Бұл ретте істерді беруді рәсімдеу, олардың дер кезінде қайтарылуын бақылау жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бөлім жұмысы жоспарлы түрде ұйымдастырылып, орындалған тапсырмалар бойынша тұрақты есеп беріліп отырады.
Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында архив ісі жаңа деңгейге көтерілуде. Құжаттарды сканерлеу арқылы электрондық архив қалыптастыру, деректерді цифрлық жүйеге енгізу жұмыстары қарқын алған. Бұл – құнды мұраның сақталуын күшейтіп қана қоймай, зерттеушілер мен қоғам үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Архив – өткеннің үнсіз куәгері ғана емес, ұлт жадын сақтайтын тірі кеңістік. Сондықтан құжаттарды сақтау мен цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыс – тарихи сабақтастықты нығайтудың маңызды кепілі.
К. АХМЕТОВА,
Жетісу облысының мемлекеттік
архивінің бөлім басшысы





