Мектебім менің екінші үйімдей. Бұл қара шаңырақтың қадір- қасиеті қашанда биік. Мұндағы ұстаздарым, құлын-тайдай тебісіп қатар өсіп келе жатқан құрдастарым санамда мәңгі мекендегенін сезінем. Оқу ордасын аяқтауыма небәрі 2 жыл қалды. Көкірегімдегі қимастық сезімі әлден оянғандай.
Мектеп білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде келе жатқан оқушылар өмір толқынына қарсы тұруды үйреніп, білім алып шыңдалуда. Алтын ұя оқу орны балалық шағымның куәгері. Алғашқыда мектепке келіп әрбір әріпті, әрбір санды жазып үйрену қалай қиынға соққан еді? Уақыт өте бәрі өзгерді.
Математика, әдебиет және жаратылыстану пәндерін үлкен қызығушылықпен оқимын. Осы тұста мектеп маған өз-өзімді дамыту үшін көптеген мүмкіндік берді. Түрлі байқаулар мен олимпиадаларға белсене қатысамын, бұл менің қызығушылығым ғана емес, сонымен қатар, өзімді жарыстарда сынап көруге мүмкіндік береді. Мұндай шараларға қатысу бұл тек өз білімімді тексеру тәсілі ғана емес, сонымен бірге өз қабілеттерімді көрсетуге жол ашты.
Мектебім – менің мақтанышым, киелі алтын ордам. Арманым көп, алдыма қойған мақсатым да көп. Сол арманға, мақсатыма жететініме сенімдімін. Мен қазір мектебімнің жетістігіне мақтанамын. Ал келешекте осы білім ошағы менің қол жеткізген нәтижелеріме мақтанса деген ойдамын. Өсе бер, өркендей бер, менің сүйікті мектебім!
София Глуховерина,
Рудничный ауылы
№7 орта мектептің 9-сынып оқушысы