Облысымызда үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтуде. Соңғы жылдары әлеуметтік қажеттілікке көңіл бөлу облыстық ішкі саясат басқармасының мақсатына айналған. Биылғы жәрмеңкедегі ерекшелік, ауылдық жерлерге көңіл бөлу, жоба бойынша іске асырылатын қызметті шалғай елді мекендерге бағыттау.
Жәрмеңкеге қатысып, жеңіске жеткен «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі «Қапал ауылының жастары мен балаларына арналған спорттық ойын алаңын ұйымдастыру» жобасын халыққа ұсынды.
Ақсу ауданының Қапал ауылында өткен салтанатты басқосуда облыстық Азаматтық альянс президенті Жанар Нұрмұханова жоба жеңімпазы Жанат Төлемісоваға 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелткен жобаның игілігін көруге асыққан қапалдықтардың басқосуында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Салтанат Тазабекова сөз алып, ел-жұртты жайдарман жаңалықтарымен құттықтады.
– Мұндай жоба болашақта да кезең-кезеңмен іске аса береді. Мақсатымыз – ауылдарға көңіл бөлу, жоғын түгендеу. Халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Бүгінгі спорттық алаң балалардың денешынықтырумен шұғылдануына, уақыттарын тиімді өткізуіне себеп болсын, – деді ол. Жиында Қапал ауылының әкімі Нұрбол Ерекенов сөз алып, облыстық ішкі саясат басқармасының игі бастамасына, осы шараға бас-көз болушыларға және «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанат Ерханқызына алғыс білдірді.
Спорттық ойын алаңының лентасын ауылдың ақжаулықты аналары кесіп, көпшілікке бата берді. Жоба жетекшілері алаңның ашылуына жиналған бүлдіршіндерге балмұздақ, сусындар таратты.
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ
Ақсу ауданы





