Қапшағай су қоймасында соңғы бір аптада бірнеше оқиға болды. Бір адам суға батып, тағы үш азамат құтқарылды. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Алматы облысының құтқарушылары 10 шілдеде Қапшағай су қоймасында екі қызды қаман алып қалса, төрт күннен кейін тағы бір ер адам құтқарылды.
Екі қызды құтқару оқиғасы 10 шілде күні, сағат 15:10 шамасында болған. Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағы осы уақытта Қапшағай су қоймасындағы №7 қалалық жағажайды патрульдеп жүрген. Сол уақытта жағалаудан 30 метр қашықтықта 2007 және 2006 жылы туған балалар құтқарылған. «Қыздар көлдің терең жеріне барып, бата бастады. Құтқарушылар қыздарды қауіпсіз жағалауға эвакуациялады. Балалар медициналық көмекті қажет етпеді», — департамент хабарламасында.
Қапшағай су қоймасында өткен аптада 23 жастағы ер адам батып кетті. Ол — Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқып жатқан Үндістан азаматы. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Алматы қаласынан келген студенттер Қапшағай су қоймасының жағажайында шомылып, құтқарушылардың ескертулеріне құлақ аспай, жағалаудан алысқа жүзіп кеткен. Бір сәтте студенттердің бірі өз күшін есептемей, одан әрі жүзіп, батып кеткен. Құтқарушылар 1999 жылы туған жігіттің денесін тауып, жағаға шығарды.
Күні кеше Қапшағай су қоймасында жағадан 100 метр қашықтықта 49 жастағы Ұлыбритания азаматы құтқарылды. Жедел құтқарушылар суға батып бара жатқан 1973 жылы туған ер адамды байқап қалған. «Құтқарушылар ер адамды жағаға аман-есен алып шықты, британдық азамат медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», — деп хабарлады департамент өкілдері.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





