Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісу облысындағы газдандыру барысы мен жылыту маусымына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Брифингте Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Азамат Бейсбаев пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Бақытжанұлы Тюмебаев атқарылып жатқан жұмысттарды толығымен баян етті.
Өңірлік кешенді схемаға сәйкес Жетісу облысындағы 356 елді мекеннің 210-ы табиғи газға қосылуға жатады. Облыс құрылған 2022 жылға дейін аймақта небәрі 5 елді мекен газдандырылып, тұрғындарды қамту деңгейі 27 пайызды құраған еді. Жүйелі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аталған көрсеткіш 67,4 пайызға жетті. Шалғайдағы және ауылдық аймақтарды қосқанда 115 елді мекенге көгілдір отын беріліп, 468,5 мың тұрғын табиғи газдың игілігін көруде.
Аймақтағы 121,1 мың абоненттің 70,2 мыңы, яғни 58 пайызы үйлеріне газ жүйесін толық қосқан. Аудан орталықтары мен қалалар бөлінісінде Талдықорғанда – 67,2 пайыз, Ескелдіде – 58,2 пайыз, Панфилов ауданында – 55,9 пайыз, Көксуда – 53,6 пайыз тұрғын газға қосылған.
«Жетісу облысы құрылған тұста өңірдегі газдандыру деңгейі төмен еді. Атқарылған ауқымды жобалардың арқасында қысқа мерзімде көрсеткішті екі еседен астамға арттырдық. Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандарын қамтитын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының пайдалануға берілуі өңір дамуына соны серпін берді. Алдағы уақытта жоспарланған 210 елді мекенді толық газдандырып, халықты қамту деңгейін 93,8 пайызға жеткізу – негізгі межеміз», – деді Азамат Қанайбекұлы.
Газ жабдықтарын сатып алуда тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Жергілікті билік бастамасымен «ЖетісуГазСервис» кәсіпорны арқылы газ қазандары 12 айға дейін пайызсыз бөліп төлеуге беріледі. Тұрғындардан табысын растау талап етілмейді. Жиынтық құны үйдің ауданына байланысты 320 мыңнан 347 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Сондай-ақ, газ желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттар eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы тегін әрі электронды түрде ресімделеді.
Жиында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Тюмебаев тұтынушыларға ұсынылатын тауарлық газ бағасы мен тариф құрылымын түсіндірді. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрмыстық тұтынушылар, яғни халық үшін газдың бөлшек сауда бағасы 1 текше метрге қосылған құн салығын қоса есептегенде 64,42 теңге деңгейінде белгіленген.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнайы жеңілдік қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін газ тариф бағасы 1 текше метрге 35,31 теңгені құрайды. Аталған баға стандартты тарифтен 45 пайызға төмен.
«Тауарлық газдың бөлшек сауда бағасы үш негізгі құрамдастан тұрады. Оның 87 пайызын көтерме баға, 9 пайызын тасымалдау тарифі және 4 пайызын жабдықтау үстемесі құрайды. Газды Батыс өңірлерден тасымалдау шығындарының жоғары болуы бағаға тікелей әсер етеді. Сол себепті мемлекет әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдетілген бағаны сақтап отыр. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңарту мақсатында 2027-2031 жылдарға арналған орта мерзімді тариф жобасын ұсындық», – деп атап өтті Нұржан Бақытжанұлы.
Өңірдегі газ инфрақұрылымы алдағы жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Филиал мамандары 1 178,25 километр жерасты газ құбырларын «Пергам» жылжымалы зертханасымен тексеріп, ықтимал ақаулардың алдын алды. Тәулік бойы жұмыс істейтін 104 авариялық-диспетчерлік қызметіне түсетін өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 28,4 пайызға азайған. Ағымдағы жылда ешқандай жазатайым оқиға тіркелген жоқ.
Мамандар тұрғындарға үйішілік газ жабдықтарына жыл сайын техникалық қызмет көрсету қажеттілігін ескертеді. Қазіргі таңда Жетісу облысында 10-нан астам арнайы лицензиясы бар ұйым қызмет көрсетеді. Техникалық тексеру құны жабдық санына қарай 5 000-нан 20 000 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Сондай-ақ брифингте жалған газ қызметкерлері мен алаяқтардан сақтану, тексерушілерден қызметтік куәлік пен орындалған жұмыстар актісін талап ету керектігі айтылды.
Кездесуде жергілікті халықты толғандырған өзекті мәселелер көтерілді. Магистральдық газ құбыры жеткенімен, ішкі көшелерге желі тартылмағандықтан көгілдір отынды пайдалана алмай отырған аудандар жайы сөз болды. Журналистер тарапынан Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының тұрғындары нақты қай уақытта үйлеріне газ кіргізе алатыны туралы сауал қойылды.
Сұраққа жауап берген Азамат Бейсбаев былтыр магистральдық газ құбыры Ұшарал қаласына дейін тартылғанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Ақсу, Сарқан, Алакөл және Ескелді аудандарындағы елді мекендерді газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға шарттар жасалды. Мердігер мекемелер өз міндеттемелерін орындауға кірісті. Келесі жылдың аяғында тұрғындар үйлеріне газ кіргізе алады», – деді басқарма басшысы.
Мәулен Әнербай





