Терезеден құлау – балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Статистика көрсеткендей, балалардың құлауы көп жағдайда ересектердің қараусыз қалдыруы мен ата-аналардың назарынан тыс қалған уақытта орын алады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті үшінші отырысында сөз болды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Марлен Көлбаев ашып, күн тәртібінде қаралған 2 мәселеге тоқталды. Соның бірі – балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен абайсызда құлау мәселесіне қатысты болса, екінші мәселеде сәтсіз отбасындағы балалардың жайы қаралды.
Текелі қаласының тауындағы Көксу Сарби ӘЙТЕНОВ кеніші шахтасынан табылған Карина Дорохинаның өліміне қатысты мәселені тілге тиек етті Марлен Қапашұлы: «К. Дорохинаның өгей әкесі Мирсейіт Айсабакиев пен анасы Елена Айсабакиеваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Талдықорған қаласы сотының шешімімен өгей әкесі өмір бойына, анасы 19 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Бүгінгі күні олардың кәмелетке толмаған 4 баласы Жаркент қаласында тұратын М. Айсабакиевтың анасы, яғни апасының қолында тәрбиеленуде. Аудан әкімдігі, білім бөліміндегілер осы балалар тәрбиеленіп жатқан отбасының тұрмысына басты көңіл бөліп, мүмкіндігінше көмек беру қажет, – деді.
Балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен абайсызда құлау жағдайына қатысты Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Игорь Жуков баяндама жасады. Оның сөзінше, ағымдағы жылы балалардың терезеден құлау бойынша оқиға орын алған жоқ. Ал өткен жылы терезеден 6 бала құлаған. Олардың бәріне дер кезінде көмек көрсетілген. Биыл жыл басынан 587 көпқабатты үйді аралап, 450 мыңнан астам жадынама, сондай-ақ, ата-аналардың уатсап топтары мен әлеуметтік желіде балаларды қараусыз қалдырмау туралы бейнеролик пен жадынамалар таратылған.
Комиссия төрағасы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Саханұлынан балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша білім ошақтарында қандай шаралар атқарылып жатқаны туралы сұрады. Оның айтуынша, бұған қатысты әр сынып жетекшісі аптасына бір мәрте қауіпсіздік сабағын өткізеді. «Осы сабақта балаларға қауіпсіздік шаралары егжей-тегжейлі түсіндіріледі», – деді Қ. Қасымов.
Жиында қаралған екінші мәселе, сәтсіз отбасындағы балалардың жағдайларына қатысты баяндаманы Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сержан Құрманбаев жасады. Баяндамашының сөзінше, Текелі қаласы бойынша биылғы жылғы есепте 8 сәтсіз отбасы, оның ішінде 17 бала бар. Сәтсіз отбасындағы балалар әртүрлі үйірмелерге тартылып, барлық көмек көрсетіліп келеді.
Өз кезегінде комиссия төрағасы баяндамашыдан сәтсіз отбасы есебінде тұрған отбасылардың ата-аналарын жұмыспен қамту бойынша нақты қандай шаралар қабылданғанын, қала бойынша кәмелет жасқа толмаған қанша бала өгей әке-шешесімен тұрып жатқанын сұрады. Олардың тұрмыс жағдайларына зерделеу жұмыстары жүргізіле ме, жоқ па деген мәселеге де назар аударды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев көтерілген мәселелерге қатысты төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімі басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Отырыста қаралған мәселелер бойынша жұмысты жандандырып, бақылауға алуларыңызды сұраймын», – деді ол.
Сарби ӘЙТЕНОВА
Фото: gymn16.volgedu.ru





