«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының облыстық іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырған «Қаржылық жоспарлау» семинар-тренингіне 30-ға жуық кәсіпкер қатысты.
Бұл шара халықаралық еңбек ұйымының «Өз бизнесіңді баста және жетілдір» бағдарламасында қарастырылған. 3 күн ішінде қатысушылар қаржылық сауатының артуына мүмкіндік алды. Кәсіби жаттықтырушы Александр Кузнецов оларға заманауи нарық жағдайында кәсіп дөңгелетудің қыр-сырын үйретті. Оқытуда тауардың өзіндік құнын есептеу, баға белгілеу, бизнесте шешім қабылдау, бизнес-жоспар әзірлеу негізгі тақырыпқа айналып, түсіндірілді.
Сондай-ақ қатысушылармен іскерлік ойын өткізілді. Онда кәсіпкерлер өздерінің күнделікті жұмысында кездесетін жағдайларды көрсетті. Осының бәрі олардың тәжірибесін тереңдетіп, қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Шара барысында облыстық іскер әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Светлана Оңғарбаева оқыту кеңсе шеңберіндегі тәжірибелік сабақтармен шектелмейтінін әңгімелеп, қатысушыларға үй тапсырмасын берді.
– 3 күндік семинар наурыз айында өткізу жоспарланып отыр. Ал алыс аудандардағы іскер әйелдер үшін жергілікті жерлерде өткізілетін болады, – дейді Светлана Оңғарбаева.
Тренингтен өткен әйелдер сертификат алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Мұндай семинарлар кәсіпкерлік рухты нығайтуда, әйелдер кәсіпкерлігін қолдауда шешуші рөл атқарады.
Айгүл Байжұмақызы
Фото: zhas-zhanary.kz





