Ғылыми конференция аудандық кітапханашылар ұйымдастырған «Ұлы Даланың ұлы ұстазы» атты көрмемен басталды. Онда ағартушының өмір дерегі мен шығармашылығы, балалар үйін ашуы туралы ақпар берілді. Келген қонақтарға Мәкей Еркінбеков жөнінде жазылған кітаптар мен қолжазбалар көрсетілді.
Шара шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Бекзат Ермұхамбетовтың сөзімен ашылды. Ол конференцияға келген жұртқа ізгі тілегін білдіріп, «Мәкей Төренің құпиясы» атты деректі фильмнің режиссері Мұхтар Умаровқа, мәкейтанушы, айтыскер ақын, ҚР Құрметті азаматы Бекболат Атамбаевқа, Ақсу аудандық орталық кітапхананың қызметкері Данияр Жуанышевқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Жиында «Халық ағарту ісінің үздігі – Мәкей Еркінбеков» тақырыбында Данияр Талғатұлы баяндама жасады. Артынша аталған тұлға жөнінде деректі фильм көрсетілді.
Мәкей Еркінбеков 1895 жылы бұрынғы Ақсу ауданындағы Көлденең ауылында дүниеге келген. Ол 1905 жылы Қапалдағы жетіжылдық татар мектебінде білім алған. 1912 жылдан бастап ағарту, яғни халықтың сауатын ашу саласында мұғалімдік жұмыспен айналысқан. 1918-1920 жылдары Қызыл гвардиялық интендантствода жұмыс істеп, 1921-1927 жылдары Жетісу өңіріндегі мектептерде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Талдықорған уезінің ағарту бөлімін, одан Ақсу болысының білім ордаларын басқарып, 1936 жылдан бастап жетім балалар үйінде басшы болады. Мәкей оқытқан балалар бірден жоғары оқу үлгеріміне қол жеткізеді. Беделді азамат бар-жоғы 29 жасында Талдықорған уездік ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Сол жылдары Қытаймен шегаралас жатқан Баласаз ауылына мектеп салдырып, басқаруға өзі барады. Кейіннен ол Қарағаштағы коммуна мектебін, Қарасу орталау мектебін басқарады. Күштеп ұжымдастыру салдарынан жергілікті халық ішерге ас таппай, аштыққа ұрынған кезде талай бала ата-анасынан айырылып, зар еңіреп қалғаны белгілі. Ақсу ауданының түкпір-түкпірінде де ас-ауқатсыз, панасыз қалған балалар көп болды. Сол уақытта Қарағаштағы мектепте жұмыс істейтін Мәкей аң-құс пен аштықтан араны ашылған адамдардың аузында кетпес үшін сол балаларды құтқаруға кірісті. Аудандағы сапарлары кезінде жетім балаларды жинап, арбасына салып алып туған-туысын іздеді. Ешкімі жоқтарын бауырына басты. Ол жетім балалардың басын бір жерге қосып, қамқор болуға бел байлайды. Бүлдіршіндерді қанатының астына алып, олардың бойына халыққа, Отанға және білімге деген сүйіспеншілік дәнегін екті.
Ғылыми конференция шеңберінде оқушылар өлең, бірегей тұлғаға арнау жырын оқыды. Жергілікті өнерпаздар ән шырқап, көпшіліктің көңілін серпілтті.
Медет ЖҰМАБАЙ