Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушыларға арналған жаңа MyArmy.kz порталын іске қосты. Бұған дейін тек әскери комиссариат арқылы жүзеге асатын көптеген қызмет енді онлайн форматта қолжетімді болады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Азаматтар портал арқылы мерзімді немесе келісімшарттық қызметке өтініш бере алады, жиі қойылатын сұрақтармен танысады, жаңалықтар мен материалдарға қол жеткізеді және кері байланыс формаларын пайдалана алады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, портал рәсімдерді жеңілдетуге және шақыру комиссиялары жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған. Құжаттарды рәсімдеу онлайн форматқа ауыстырылып, бюрократияны азайтуға және адами фактордың ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді.
Өтінішті қарау кезеңдері:
-
«Құрылды» – өтініш жергілікті әскери басқару органына қабылданып, тексеру жүргізіліп жатыр;
-
«Өңделіп жатыр» – үміткер медициналық комиссиядан өту үшін әскери комиссариатқа шақырылады, қажетті талдамалар мен анықтамалардың тізімі ұсынылады;
-
«Мақұлданды» немесе «Қабылданбады» – медициналық тексеруден және жеке қасиеттерін бағалаудан кейінгі соңғы шешім.
Жаңа жүйе SARBAZ+ пилоттық жобасы аясында іске қосылды. Қазіргі уақытта ол Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде сынақтан өтуде, ал кандидаттарды іріктеу Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жүргізіліп жатыр. Жоба сынақтан сәтті өтсе, қарулы күштердің басқа бөлімдерінде де енгізілмек.
Қорғаныс министрлігі MyArmy.kz порталы әскерге шақырылушылардың әлеуметтік және білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, әскери қызметтің беделін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Жақын болашақта портал әскерге шақырылушыларға қолжетімді, түсінікті және ыңғайлы заманауи цифрлық құралға айналмақ.
Сонымен қатар жаңа жүйе азаматтарға өз мамандығы мен дағдыларына сәйкес әскери бөлімді таңдау мүмкіндігін береді.





