Талдықорғандағы Әскери госпитальда әскери медицина саласын дамытуға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Отандық «L-Group» ЖШС компаниясының демеушілігімен әскери емдеу мекемесіне заманауи медициналық жабдықтар сыйға тартылды. Шарада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің медициналық ұйымдарына арналған 4 заманауи өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты және 50 дана байланыссыз инфрақызыл термометр табысталды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл, Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Еркін Қожа-Ахмет, әскери медицина қызметінің өкілдері, госпиталь ұжымы және демеуші компания басшылығы қатысты.
Әскери медицина әрқашан Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігінің негізгі тіректерінің бірі болды және солай болып қала береді. Әскери борышын адал атқарып жүрген әрбір әскери қызметшінің сенімді қызметінің артында әскери дәрігерлердің жоғары кәсібилігі, жанқиярлығы мен күнделікті қажырлы еңбегі жатыр.
– Бүгінде әскери медицина жүйесінің алдында заманауи технологияларды енгізу, емдеу-диагностикалық мүмкіндіктерді жетілдіру және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Осы орайда әскери медицина саласына өтеусіз қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдаған Ерболат Сәбитұлы мен Феруза Римзаевнаға ерекше ризашылығымды білдіремін. Табысталған медициналық жабдықтар алдағы уақытта мыңдаған әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелеріне сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беріп, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, адам өмірін сақтап қалуға қызмет етеді деп сенемін, – дейді Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл.
Шара соңында әскери госпиталь басшылығы демеушілерге шынайы алғысын білдіріп, игі бастаманың әскери медицина саласының одан әрі дамуына серпін беретінін атап өтті.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі






