Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне әскери атақ беру тәртібі өзгерді. Тиісті өзгерістер «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, енді Қазақстандағы және шет мемлекеттердегі әскери әрі арнаулы оқу орындарын жоғары білім беру бағдарламасы бойынша күндізгі бөлімде үздік тәмамдаған түлектерге бірден «аға лейтенант» әскери атағы беріледі.
Бұған қоса, үздік бітірген жас офицерлерге болашақ қызмет орнын өз қалауымен таңдау құқығы ұсынылады.
Министрлік бұл өзгерістер әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтіп, курсанттардың білім мен қызметтегі жоғары нәтижелерге ұмтылысын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Жаңа норма әскери білім беру жүйесіндегі ынталандыру тетіктерін жетілдіруге және кәсіби офицерлер даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.





