Еліміздің бірқатар аймағында ауа райы күрт құбылып, қар жауу, көктайғақ пен үсік қаупі сейілмей тұр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Синоптиктердің болжамына қарағанда, елдің басым бөлігінде кең ауқымды антициклонның ықпалынан жауын-шашынсыз ауа райы сақталғанымен, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда метеорологиялық жағдай айтарлықтай күрделенеді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында түнде қалың қар жауып, көктайғақ қалыптасады. Оған қоса батыстан және солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, жолдағы көріністі шектейтін тұман түседі. Осындай қолайсыз метеожағдай Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тіркеліп, жүргізушілер үшін жол қозғалысын қиындатады.
Оңтүстік өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы минус 1-ден минус 7 градусқа дейін төмендеп, қатты үсік жүреді. Жетісу облысында түнде термометр бағаны 2-7 градус аязды көрсетіп, Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Алматы облысының солтүстігінде де түнгі мезгілде 3 градусқа дейін үсік жүріп, таулы аудандарды қалың тұман басады. Қызылорда облысында теріс температура 3-5 қараша аралығында созылып, ауыл шаруашылығы дақылдарына қатер төндіруде. Мегаполистердің арасында Алматыда күндіз күн 16-18 градусқа дейін жылыса, Астанада ауа температурасы 5-7 градустан аспайды.
Сонымен қатар еліміздің қар жаумаған оңтүстік және батыс өңірлерінде төтенше өрт қаупі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Ақтөбе облыстарымен қатар, Жетісу облысының шығысында да өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау талап етіледі. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға алыс сапарға шығарда ауа райының дабылды ескертулерін ескеріп, көлік дөңгелектерін қысқы маусымға ауыстыруды және қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады.





