Әуе кеңістігі – көзге көрінбейтін, алайда қауіпсіздігі қатаң бақылауды қажет ететін маңызды нысан. Аспандағы ұшақтың қалыпты қозғалысына жасалған кез келген орынсыз әрекет адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты елімізде әуе кемелерін басқаруға кедергі келтіретін әрекеттерге заң жүзінде жауапкершілік белгіленді.
2025 жылы 16 шілдеде ҚР Қылмыстық кодексіне ұшақты басқаруға лазерлік құрылғыларды немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағыттау арқылы кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін өзгеріс енгізілді. Қылмыстық кодекстің 352-1-бабы 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап заңды күшіне енді.
Бұл норма әуе қауіпсіздігіне төнетін қатердің алдын алуға бағытталған. Өйткені әуе кемесінің ұшу бағытына лазер сәулесін түсіру немесе дронды әуе кемесіне жақындату сырт көзге қарапайым әрекет болып көрінгенімен, оның салдары аса ауыр болуы ықтимал. Ұшу кезінде пилоттың көру қабілетіне кедергі келтіру, назарын басқаға бұру немесе әуе транспортының қозғалысына қауіп төндіру – адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Заңдағы жауапкершілік те осы қауіптің деңгейіне қарай белгіленген. Аталған бап бойынша қылмыстық теріс қылықтан бастап ауыр қылмысқа дейінгі жауапкершілік қарастырылған. Жаза түрлері айыппұл салудан басталып, ауыр зардаптар туындаған жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.
Мұндағы мақсат ең алдымен әуе кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әсіресе кейінгі жылдары ұшқышсыз ұшу аппараттарының кеңінен қолданылуы бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Дронды рұқсат етілмеген жерде ұшыру немесе оның әуе кемелерінің қозғалысына кедергі келтіруі кездейсоқ ойынға айналмауы тиіс.
Заң талаптарын білу – әр азаматтың міндеті. Қылмыстық жауапкершілік мұндай әрекетті жасаған адам 16 жасқа толған жағдайда туындайды. Ал құқыққа қайшы әрекетті кәмелетке толмаған жасөспірім жасаса, оның ата-анасы немесе заңды өкілі де жауапсыз қалмайды. Мұндай жағдайда олар кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оның мінез-құлқын бақылау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қысқасы, көкке көтерілген әрбір әуе кемесінің ар жағында адам тағдыры тұр. Сондықтан әуе кеңістігіне жасалған кез келген бейберекет әрекетке жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бір сәттік қызығушылық немесе ойсыз әрекет орны толмас өкінішке соқтыруы ықтимал. Заңдағы жауапкершіліктің күшеюі де осыны ескертеді.
Фархат БЕГАРЫСОВ,
әуежай КПБ бастығы
Талдыкорған қаласы





