Кербұлақ ауданында инженерлік ин- фрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ішінде елді мекендерді табиғи газбен қамту ерекше маңызға ие. Бұл тұрмыстық қолайлылықты арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды қадам. Осы ретте Қайнарлы, Сайлыкөл, Көксай және Қаспан ауылдарына табиғи газ беру рәсімі өтті. Төрт елді мекенге ортақ салтанатты шара Қаспан ауылында ұйымдастырылып, көптен күткен көгілдір отын ауыл тұрғындарының қуанышына айналды.
Қаспан ауылындағы салтанатты шараға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бейсбаев, газдандыру бөлімінің басшысы Азамат Кемелов, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Әденов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ербол Қасенов, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұрлан Түймебаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты күнмен құттықтады.
Табиғи газдың берілуі ауыл тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік қолдау. Бұл отын тасу, көмір жағу, қи ою, күл шығару секілді күнделікті ауыр жұмысты азайтып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық ахуалдың жақсаруына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына ықпал етеді.
Жалпы, Кербұлақ ауданындағы 63 елді мекеннің 26-сы 2025-2026 жылдарға арналған газдандыру жоспарына енгізілген. Былтыр 22 елді мекенде газ желісінің құрылысы жүргізіліп, Шанханай, Жоламан, Қызылжар, Майтөбе, Шилісу, Қоянкөз және Қызылмектеп ауылдары табиғи газға қосылды. Бұған дейін 2021 жылы Сарыөзек ауылына көгілдір отын берілген болатын.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін тағы 18 елді мекен кезең-кезеңімен табиғи газға қосылмақ. Олардың қатарында Жайнақ батыр, Тастыөзек, Сайлыкөл, Қарымсақ, Тастыбастау, Қазынсу, Көксай, Алтынемел, Ақбастау, Доланалы, Қоғалы, Қарағаш, Қаспан, Байғазы, Жаңалық, Шаған, Көкбастау және Қайнарлы ауылдары бар.
Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші негізінде Қарашоқы, Сәмен, Малайсары ауылының Сарыбастау бөлімшесі, Шилісу және Арқарлы ауылдарын газдандыру жұмыстары да жоспарға алынды. Қарашоқы, Сәмен және Малайсары ауылдары бойынша сараптама қорытындысы дайын. Ал Сарыбастау, Шилісу және Арқарлы ауылдары бойынша сараптама нәтижелері шілде айында шығады деп күтілуде. Қаржы бөлінгеннен кейін мердігер анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Сарыөзек ауылында газбен қамтылмай қалған тұрғын үйлер бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмысы басталмақ. Қысқасы, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде биыл аудан бойынша 34 елді мекен табиғи газға қол жеткізеді.
Салтанатты жиында сөз алған тұрғындар көгілдір отынның ауыл өміріне үлкен жеңілдік әкелетінін айтып, игі істің жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға ризашылық білдірді. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рысжан Байдавлетов ел игілігіне бағытталған жұмыстың берекелі болуын тілеп, ауыл тұрғындарын бірлікке шақырды. Ал Рауан Қызырақын ақсақал бата беріп, көгілдір отынның халыққа құт болып кіруін, әр шаңыраққа жылу мен ырыс әкелуін тіледі.
Осыдан кейін құрметті қонақтар мен ауыл азаматтары салтанатты түрде газды іске қосты. Осы күнді асыға күткен жұртшылық қуанышқа бөленіп, әжелер шашу шашты. Бұл көрініс ауыл өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанын айқын аңғартты.
Газдандыру ұзақмерзімді әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын ауқымды жоба. Оның нәтижесі бүгінгі тұрғындардың ғана емес, келер ұрпақтың да тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Қайнарлы, Сайлыкөл, Көксай және Қаспан ауылдарына табиғи газдың берілуі елді мекендердің дамуына тың тыныс беріп, халық игілігіне жасалған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Қажет АНДАС





