Кәсіпкерлік қызметте, әсіресе кәсіпкердің еркінен тыс туындайтын күтпеген жағдайларға байланысты барлық тәуекелді алдын ала болжау мүмкін емес. Осындай жағдайлардың салдарын азайту, бизнестің мүддесін қорғау және қажетті қолдау тетіктерін қалыптастыру мәселелері облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында талқыланды.
Кеңесте қаралған өзекті мәселелердің бірі – Қаратал аудандық кәсіпкерлер кеңесінің өтініші болды. Жергілікті мал өсірушілердің айтуынша, соңғы уақытта аудан аумағында аюлар мен шибөрілердің саны едәуір артқан.
Жыртқыштар елді мекендерге, жайылымдарға және мал шаруашылығы нысандарына жақындай түсті. Көршілес шаруашылықтарда жабайы аңдардың үй жануарларына шабуыл жасау деректері тіркелген. Осыған байланысты шаруалар шығынға ұшырамау үшін малды жазғы жайылымдарға көшіруді кейінге қалдыруға мәжбүр.
Кәсіпкерлер заңнамалық тұрғыдан тығырыққа тіреліп отыр. Бір жағынан аюлардың кейбір түрлері мемлекет қорғауында және Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Оларды заңсыз ату әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Екінші жағынан, үй жануарлары жабайы жыртқыштардың шабуылынан зардап шеккен жағдайда келтірілген шығынды өтеудің нақты құқықтық тетігі заңнамада қарастырылмаған. Малдың жұқпалы аурулары немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік қолдау шаралары көзделгенімен мұндай оқиғалар бойынша шығынды өтеу қарастырылмаған.
Кәсіпкерлер қолданыстағы тәртіпке сәйкес уәкілетті органдар мен орманшылық қызметтерге жыртқыштар санын реттеу жөнінде жүгінуге болатынын, алайда бұл шаралар келтірілген шығынды өтемейтінін және мәселені түбегейлі шешпейтінін атап өтті.
Бұдан бөлек кеңес сауда саласына, есептілікті ұсыну кезіндегі әкімшілік жауапкершілікке, «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ, өндірістік цех салуға жер учаскесін беру мәселелеріне қатысты кәсіпкерлердің басқа да өтініштерін қарады. Әрбір өтініш облыс бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті, прокуратура, кеңес мүшелері, өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты талқыланды. Қатысушылар әрбір жағдайдың құқықтық қырларын және қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдарын қарастырды.
Кеңестің негізгі міндеті – кәсіпкерлердің әрбір өтінішін жан-жақты әрі объективті қарау. Мұндай өтініштердің соңында тек құқықтық мәселе ғана емес, адамдардың тағдыры, жұмыс орындары және ауылдағы бизнестің тұрақтылығы тұр. Біздің негізгі міндет – әрбір жағдайға құқықтық баға беріп, кәсіпкерлер өз мәселелерінің қолданыстағы заңнама аясында әділ қаралатынына сенім арта алатындай жағдай жасау, – деді кеңес төрағасы Баниямин Файзулин.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңесте көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеу, құқықтық баға беру және оларды шешудің ықтимал тетіктерін әзірлеу бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ресми өтініштер жолдау туралы шешім қабылдады.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ





