Елімізде баспанаға зәру қаншама отбасы бар. Бабасынан қалған байтақ далада базынасын айтар жан таппай, пәтер жағалап жүрген қазақты көргенде тұла бойыңнан қан жүрмей қысыласың. Алып шаһарға енген алыптардың ұрпақтары жалдамалы баспана іздеп жүретіні жасырын емес. Бұл жағдай қазіргі уақытта анда-мұнда ауылдарда да көрініс тауып жатыр. Көрінгеннің қорасын сағалап жүргендерді де көргеніміз бар. Бұған кім бас ауыр- туы керек?
Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында бой көтерген қай қалаға барсаң да жалдамалы пәтердің құны шарықтап тұр. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Бәлкім, бар да шығар, бірақ түрін көрсетіп, үнін естірткен емес.
Басында бір емес, бірнеше үйі барлар не істеп жүр?! Олар тек жатқан жоқ. Сол шаңырақтарын жалға беріп «жарты құдайдың» күйін кешуде. Пәтер жалдаушылардың мойнына мініп алған дегеніміз дұрыс шығар. Мәселен, пәтер иелері бүгін келіп «Зат бағасы қымбаттауда, үй ақысын көтеремін» – дейді, ертесі үйді босатуды талап етеді. Бұған қарсы тұрайын десе қолында заңды келісімшарты жоқ «квартирант» амалсыз көнеді.
Бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқан жастардың қатары күн санап көбейіп келеді. Ажырасу жағынан дүние жүзі бойынша Қазақстан алғашқы ондықтың ішіне кіреді. Кейбір деректерден бестікке де енгенін көреміз. Осы тұста ажырасудың «тиімді үрдіске» айналғанын қалай айтпай өтейік? Бір баспанаға қол жеткізу үшін басын бәйгеге тігіп жүрген үлкен-кішінің қарекеті бұл күні өзгеше өріліп барады.
– Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде 15 357 адам тұр. Оның 6 730-ы әлеуметтік осал топ. Әлеуметтік осал топтың өзі 11 категорияға бөлінеді, соның бірі толық емес отбасы. Жұмыс барысында түрлі материалдарды оқимыз. Тұрмыстық жағдайға байланысты ажырасып кеттік деп келетін әйелдер көп. Мысалы, 2005 жылы ажырасып кезекке тұрады, бірақ оның кейіннен дүниеге келіп жатқан балалары болады. Біз адамдардың отбасылық мәселелеріне араласпаймыз, дегенмен, бұл қалай деп азаматшалардан сұрағанда мемлекет беріп жатқан мүмкіндікті пайдаланып қалуымыз керек дейтіндер бар. Барлығына бірдей топырақ шашуға да болмайды, жолдасы шынымен де қайтыс болып кеткендерді айтып өткен жөн,– дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Жақыпбек.
«Аспаннан киіз жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайды» деген мәтел еріксіз еске түседі мұндайда. Тұрғын үйлерді қаптатып салғанымен бәрі жұртқа жетпей жатады. Неге? Себебі де сан түрлі. Алайын десе «банк» деген тойымсыз адамда алты атасының аласы бардай ақылға қонымсыз пайыз қояды. Оны төлеп бітем дегенше төрдегі төрең де тақтан түсіп талай уақыт өтіп кетеді.
Төрдегілер төр берген, қожайындар қол берген заманды да көреріміз һақ. Олай болса байтақ даласында айтары бар, сол айтар арманы «Баспанам жоқ, жас балам көп» деген жырға дөп түсер арда қазақты «Отан» атты шаңырағың шайқалмасын әуелі, үйлі боларыңнан еш үміт үзе көрме, деп те жұбатқымыз келеді.
Медет ЖҰМАБАЙ