Бала – елдің ертеңі, қоғамның ең қымбат құндылығы. Өскелең ұрпақтың дені сау, білімді, бақытты әрі жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуы үшін оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және қажетті психологиялық қолдау көрсету – баршамызға ортақ міндет.
Қазіргі таңда елімізде балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жеткіншектердің қауіпсіздігі, білім алуы, денсаулығы, отбасылық және әлеуметтік қорғалуы бағыттарын біртұтас жүйеге біріктіріп, бақытты балалық шақтың жаңа тәсілдерін қалыптастыруды көздейді. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отырған мекемелердің бірі облыстық білім басқармасына қарасты «Бала құқықтарын қорғау, әдістемелік психологиялық қолдау орталығының» атқаратын қызметі ерекше маңызға ие.
Орталықтың негізгі міндетінің бірі – қиын жағдайға тап болған балаға дер кезінде көмек көрсету. Оның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ету, ата-аналар мен педагогтерге консультативтік қолдау көрсету және бала құқықтарының бұзылуының алдын алу. Сонымен қатар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және өз сезімдерін дұрыс жеткізе білуіне бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Баланың психологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар аударудың маңызы зор. Қазіргі балалар оқу жүктемесі, құрдастарымен қарым-қатынас, буллинг, отбасылық жағдай және цифрлық кеңістіктегі түрлі қауіптер сияқты факторлардың әсеріне тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда баланы тыңдау, оның сезімін түсіну және дер кезінде кәсіби қолдау көрсету маңызды. Психологиялық көмек тек мәселе туындағаннан кейін емес, оның алдын алу мақсатында да жүргізілуі тиіс. Баланың эмоционалдық сауаттылығын арттыру, қиындықтарды дұрыс еңсеруге үйрету және қажет кезде көмек сұрау дағдысын қалыптастыру – қауіпсіз балалық шақтың маңызды негіздері
Бала қауіпсіздігі ең алдымен отбасынан басталады және білім беру ұйымында жалғасады. Ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, оның пікірін тыңдауы, сезімдеріне құрметпен қарауы және қиын жағдайда қолдау көрсетуі баланың өзіне деген сенімін қалыптастырады. Ал педагогтер баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінуі қажет.
Әрбір бала мейірімге, қамқорлыққа, құрметке және бақытты балалық шаққа лайық. Баланың бүгінгі қауіпсіздігі – оның ертеңгі болашағының негізі. Сондықтан балаға көрсетілген әрбір қолдау мен қамқорлықты қоғамның келешегіне қосылған маңызды үлес ретінде қабылдауымыз қажет. Бала құқықтарын қорғау – белгілі бір мекеменің ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы біз баланың бүгінін қорғап қана қоймай, еліміздің жарқын болашағына берік негіз қалаймыз.
Айсұлу Нұрғазиева,
бала құқығын қорғау және
психологиялық қолдау
орталығының әдіскері





