Қазақ қоғамында өлеңнің құдіретін қаламымен айшықтаған ақын-жазушының алар орны ерекше. Алайда бар білгенін жас буынның санасына сіңіріп, шәкірт тәрбиелейтін қаламгердің қатары бүгінде сирегендей көрінеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облысымызда «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі құрылды.
Бұл туралы Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен баяндаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов:
– «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі еліміздегі тұңғыш авторлық жоба. Бұрын-соңды мұндай бастама республикамызда қолға алынбаған. Жобаның басты мақсаты – жастарды ақындық өнерге баулу, облысымызда ақындық мектеп қалыптастыру, жазба ақындардың талантын ашып, шабыт беру. Әдеби ортада танылуына жол ашып, өңір руханиятында жаңа есімдер қалыптастыру, – деп аталған ілкімді жобаның мәні мен мазмұнын айшықтап өтті.
Айталық, 6-10 сынып оқушылары арасындағы әдебиетке жаны құштар, ақындық таланты бар өрендерді тауып, оларға өз өңірінде оқу және жазу шеберлігі бойынша дәріс берілмек. Бұл жобада ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жұматай Әміреев оқу әдебі бойынша дәріс берсе, жазуға «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, ақын Мұхтар Күмісбек машықтандырмақ.
– Рас, «Мизам» жобасы жазушылыққа қызығушылығы бар жастарды шыңдау мақсатында құрылған. Бұл орайда облыстық әкімдіктің қолдауымен, мәдениет және білім басқармасының ұйытқы болуымен арнайы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Білім басқармасына жолдаған хатқа сәйкес талаптың тұлпарын мінгісі келетін өрендер сұрыпталып аудандардағы бір мектепке жиналатын болады. Апта бойы бір ауданның өрендерін әдебиетке баулимыз, күніне 1 жарым сағат оқу және жазу машығы бойынша дәріс өткіземіз әрі 8 аудан және 2 қаладан 200 баланы қамтимыз деп көздеп отырмыз, – дейді әдеби мектеп авторы Мұхтар Күмісбек.
Әдеби мектеп 7 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Негізгі көздеген дүние талантты жастарды тауып, оларға қолдау білдіру, әдебиетке тарту десек, бұл бастаманың кезең-кезеңімен өтуі үшін авторлар арнайы әдістемелік құрал жасағанын да айта кеткен жөн. Бұл жинақта сонау Қабан жыраудан бастап, бүгінгі жетісулық ақын-жазушылардың еңбегі мен қысқаша өмір жолынан сыр шертетін тараулар жазылған. Сонымен қатар әдебиет мектебінің алдағы жұмысы әлеуметтік желілерге де салынады.
Жоба 24-ақпанда Көксу ауданынан бастау алмақ. 3 айға созылатын әдеби мектеп жоспары мамыр айында қорытындыланбақ. Бұл туралы баспасөз мәслихатында кеңінен айтылып, жоба дәстүрлі түрде жалғасын табуы мүмкін екені де айшықталды.
Шалқар АҚСАҚАЛ
ЖУ студенті