Еліміздегі стратегиялық маңызы бар су айдындарын қорғау және экожүйені сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Соңғы үш жылда бірегей Балқаш көліне шамамен 40 млрд текше метр су түсіп, су қоймасының деңгейін қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік туды. Атап айтқанда, 2024 жылы көлге шамамен 15,9 млрд текше метр су жіберілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13,9 млрд текше метрді құрады. Ал биыл жыл басынан бері су айдынына 9,7 млрд текше метрден астам тіршілік көзі келіп түсті. Балқашқа келетін су Қапшағай су қоймасы арқылы реттеледі, ал аталған қойма ағылшын немесе француздар емес, отандық мамандар мен трансшекаралық Іле өзенінің әлеуеті арқылы 98%-ға толып отыр. Алдыңғы екі жылда су қоймасы 100% көлемде толық толтырылған болатын.
Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов түсініктеме берді. Ведомство басшысы:
«Іле өзені арқылы Балқашқа келетін су көлемі көпжылдық орташа көрсеткішке сай. Бұл көлдегі су деңгейін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр. Қазір Балқаштың су деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша теңіз деңгейінен 341 метр белгісінде сақталуда. Сонымен қатар француз сарапшыларымен бірлесіп, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтауға арналған бас жоспар әзірленіп жатыр. Далалық зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта алынған нәтижелерге талдау жасалып жатыр», – деді.
Мұндай ауқымды экологиялық шаралар Жетісу өңірі мен Балқаш маңындағы аудандар үшін ерекше маңызға ие. Су қоймаларының толуы мен экожүйені қорғау бағытындағы кешенді жоспарлар өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға, туризмді өркендетуге және табиғи тепе-теңдікті сақтауға жол ашады. Ұзақмерзімді стратегиялар мен халықаралық тәжірибені ұштастыру болашақта су тапшылығы қатерінің алдын алуға септігін тигізеді.





