Сессияның күн тәртібінде екі мәселе қамтылды. Алғашқысы – ауылдық жерде жұмыс істейтін әлеуметтік саланың азаматтық қызметшілеріне қатысты лауазымдар тізбесін келісу болса, екінші бағыт Талдықорған қаласының бас жоспарына енгізілген түзетулерді мақұлдау.
Аталған тізбені айқындау жайлы шешім еліміздің қолданыстағы заңнамасына толықтай сәйкес келеді. Бұл туралы сессия барысында баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев кеңінен тоқталып өтті.
Мәселенің түйіні ауылдық жерлерде еңбек ететін азаматтық қызметшілерді қолдау шараларын құқықтық тұрғыда бекіту. Яғни 2022 жылдың 4 мамырына дейін қазіргі Жетісу мен Алматы облыстары бір әкімшілік-аумақтық құрылым ретінде қарастырылып келген. Ол кезде ауылдық мамандарға қатысты лауазымдар тізбесі Алматы облысы әкімдігінің 2016 жылғы №192 қаулысымен бекітілген болатын. Алайда екі облыс бөлінгеннен кейін Жетісу өңірінде бұл мәселе нормативтік тұрғыда реттелмей қалып, әлеуметтік қолдаулардың заңды негізі болмаған.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңа қаулы жобасы әзірленіп, енді мәслихат келісімімен бекітілді. Бұл шешім ауылдағы қызмет сапасын арттыруға, мамандарды шалғай елді мекендерге ынталандыруға, әрі олардың еңбегін әділетті түрде бағалауға негіз болады.
Нәтижесінде жеңілдіктер мен өтемақыларды тағайындау тәртібі нақты бірізділікке түсіп, әлеуметтік әділеттілік артады. Сонымен бірге, жалақы төлеу мен кадрлық жоспарлау жүйесінде нақтылық орнайды. Ең бастысы, бұл қадам – ел ішінде еңбек ететін маманның қадірін арттырып, мемлекеттік қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Сессияда, сондай-ақ, Талдықорған қаласының бас жоспарына енгізілетін өзгерістер де мақұлданды. Уақыт ағымына сай, қала тұрғындарының ұсыныс-тілектері мен демографиялық, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге байланысты бас жоспарға түзетулер енгізу қажеттігі туындаған. Соның ішінде саяжай тұрғындарының өтінішіне сәйкес саяжай алаптарын қаланың аумағына қосу мәселесі қайта қаралып, бұл аумақтарда инфрақұрылым тарту мен әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік туады.
Бұдан бөлек, қаланың орталығында бұрыннан бар тұрғын үй алаптарында шағын және орта бизнесті өрістету үшін функционалдық аймақтарды қайта қарау ұсынылды. Бұл шешім кәсіпкерлікке кең өріс алып, қаланың экономикалық даму қарқынын арттыруға ықпал етеді. Жаңартылған бас жоспар қала үшін демографиялық өсімді ескерген, жоспарлы дамуға негізделген жаңа тұжырымдаманы анықтайды. Оның ішінде экологиялық қауіпсіздік те ескеріліп, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа басымдық берілген.
Сессияда қаралған қос мәселе де уақыт талабынан туындаған, өңір тіршілігінің тамырын дөп басқан, әлеуметтік әлеуетті көтеруге бағытталған кешенді қадамдар. Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқарту, мамандарға қолдау көрсету және қаланың өсу қарқынын қайта бағдарлау осы отырыстың негізгі өзегі болды.
Жалпы алғанда, қабылданған шешімдер заң талаптарына толықтай сәйкес, қоғамдық-саяси тұрғыда оң әсерге ие. Бұл жергілікті басқару тетіктерінің уақытпен үндесе жұмыс істеп тұрғанының айғағы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





