Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының ережелеріне маңызды өзгерістер енгізіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеген жаңа құжатқа сәйкес, баспана кезегі, отбасылық табыс талаптары және жеңілдетілген ипотекаға қатысу шарттары қайта нақтыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл реформа әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдауды күшейтіп, мемлекеттік баспананы бөлу процесін барынша ашық әрі әділ етуге бағытталған.
Жаңа тәртіп бойынша коммуналдық тұрғын үй қоры мен жергілікті атқарушы органдар жалға алған пәтерлердің кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арнайы бөлінеді.
Ал дайын тұрғын үйлердің кемінде 50 пайызы мына әлеуметтік санаттарға беріледі:
-
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар және басқа мемлекеттердегі жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылар;
-
І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
-
Көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар және жесірлер.
Жоғарыда аталған санаттарға кірмейтін өзге де азаматтар тұрғын үйге мұқтаж ретінде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесінде немесе бірыңғай республикалық базада тіркелген жағдайда, қалған тұрғын үй қорынан баспана алуға үміткер бола алады.
Азаматтардың баспана алу мүмкіндігін анықтау үшін отбасының соңғы 6 айдағы еңбек және кәсіпкерлік қызметтен тапқан табысы есепке алынады. Ережеге сәйкес мынадай шекті мөлшерлер белгіленді:
-
Үш немесе одан да көп адамы бар отбасыларда әр мүшеге шаққандағы табыс күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс;
-
Екі адамнан тұратын отбасылар үшін шек – күнкөріс деңгейінің 3,5 есесі;
-
Жалғыз тұратын азаматтар үшін – күнкөріс деңгейінің 5,5 есесі.
Жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған, отбасы мүшесіне шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 5 есесінен аспайтын жеңілдігі бар азаматтар қатыса алады. Ал 5-7 пайыздық ипотекалық бағдарламаларға тұрғын үй кезегінде тұрған өзге де тұрғындар өтініш бере алады.
Ең басты жаңалық – тұрғын үйді бөлу және оны беру туралы шешімді енді жергілікті комиссиялар емес, «Отбасы банкінің» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі қабылдайды. Бұл адам факторын жойып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.





