Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділік жоғары деңгейде қалып отыр. Ресми мәліметтер бойынша сәуір айында ел аумағында баспана сатып алу көрсеткіші наурызбен салыстырғанда 23,4 пайызға өсіп, 35 154 мәмілеге жеткен, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәмілелер саны бойынша Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр. Десе де нарықтағы сұраныстың жоғары болуына қарамастан, жақын арада үй бағасының төмендемейді. Белгілі қаржыгер Мұрат Қастаевтың пікірінше, елімізде баспана құнының тұрақты өсуіне әсер ететін негізгі факторлар қалыптасып отыр.
Қазіргі уақытта тұрғын үй бағасының төмендеуіне алғышарттар қалыптасқан жоқ. Еліміздегі тұрғын үй бағасының өсуіне ықпал ететін екі негізгі фактор бар. Біріншісі халық санының өсуі болып табылады. Қазақстан халқы жыл сайын шамамен 220 немесе 240 мың адамға өсіп келеді. Халықаралық стандарттар бойынша бір адам басына кем дегенде 30 шаршы метр тұрғын үй болуы керек. Тек жыл сайын өсіп жатқан халық санына жылына 7 миллион шаршы метр үй салынуы қажет, – деді ол.
Ал қазіргі 20,5 миллион халқымызда адам басына орта есеппен шаққанда 25 шаршы метр тұрғын үй тиесілі. Сәйкесінше осы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін көтеру үшін қосымша 103 миллион шаршы метр тұрғын үй салу керек. Осы үдеріс төмендемесе, халықты баспанамен қамтамасыз етуге әлі 8 жыл кетеді. Тек сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдікке келгенде ғана бағалар өсуі тежеледі.
Екінші ірі фактор құрылыс кезінде әлі де шетелдік құрылыс материалдарына тәуелді болуымыз. Тіпті кейбір құрылыс материалдары елімізде өндірілсе де, оларды жасап шығаратын құрал-жабдықтар мен шикізат шетелдік болып қала береді. Сондықтан құрылыс материалдары шетелдік инфляция мен шетелдік валюталардың бағамына тәуелді болады. Қазір теңге күшейіп, доллар бағасы түсіп жатыр, бұл бағаның өсуін баяулатады. Алайда бұл қысқа мерзімді құбылыс. Мұны тоқтатудың бірден-бір амалы еліміздегі құрылыс материалдарын жаппай өндіру, тек оларды шығармай, оларды өндіретін станоктар мен құрал-жабдықтарды шығаруға тырысу керек.
Бизнес үшін несие пайыздары 20 пайыздан асып тұрғанда жаңа өндіріс ашу мүмкін емес деуге де болады. Сондықтан баспана бағасы қазір төмендемейді, тек бағаның өсу қарқыны баяулауы мүмкін. Қазақстандағы биылғы жылдық инфляция 10 пайыз шамасында болса, тұрғын үй бағасы да шамамен сол мөлшерде қымбаттайды. Баға күрт төмендеуі тек ерекше жағдайларда ғана, яғни экономикадағы ахуал өте қиын болып кетсе, ірі бір экономикалық дағдарыс болса ғана орын алуы мүмкін. Нарықтық экономикада құрылыс тиімсіз болса, құрылыс компаниялары одан пайда көрмесе, онда үйлер салынбайды. Біздің экономиканың құрылымы, моделі өзгермейінше, баспананың арзандауы қиын, тек тежеуге болады.





