Шаһар басшысы алдында жеке-жеке сөз алған өңір тұрғындары бүгінде жалпы ауыл-аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екенін айта келіп, өз өтініштерін жеткізді. Онда жергілікті жұрт ауылдың жол инфрақұрылымын жақсарту, түнгі жарық, ауыз су, кәріз жүйесіне қосылу, қоғамдық көлік санын арттыру сынды бірқатар маңызды мәселелерді алға тартты.
Кездесу барысында қойылған әр сауалды мұқият тыңдап, ауыл халқына нақты жауап берген қала әкімі түскен әр өтінішті өзі бақылауға алып, оны шешудің жолдарын қарастыруға уәде етті.
– Өтенай ауылдық округінде биыл атқарылатын жобалар жеткілікті. Атап айтқанда, Ынтымақ және Жастар 1/1 тұрғын үй алаптарында кәріз жүйесін тарту жұмыстары толық аяқталды. Енді осы аумақтардағы жолдарды ретке келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Басты мақсат – жұрт игілігіне жұмыс жасау. Сондықтан халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен жүйелі түрде шешеміз,– деді шаһар басшысы.
Еске сала кетсек, Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылына аймақтағы Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар-1, Жастар-2, Жастар-3 сынды бірнеше елдімекен қарайды. Ауылдағы жалпы халықтың саны 15 мыңнан асады. Өткен жылғы қала әкімімен кездесуде жергілікті жұрттан білім, денсаулық, спорт, мәдениет, ауылшаруашылығы басқа да әлеуметтік салалар мен жол, құрылыс, газ тартуға қатысты біраз өтініштер түсіп, өзекті мәселелер көтерілген еді. Халықтың талап-тілегіне сай, былтыр мұндағы қоғамдық көліктердің жүру кестелері реттеліп, ауыл көшелеріндегі бірқатар жолдарға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Мойнақ ауылына табиғи газ желісі жеткізіліп, Жастар-1 тұрғын үй алабы таза ауыз сумен қамтылып, кәріз жүйесі тартылған. Сонымен қатар 5 жыл бойы диқандар үшін өзекті болып келген каналға су жеткізу ісі оң шешімін тауып, жұрт игілігіне берілген. Бұл аумақтарда жол жөндеу, газ және жарық желілерін тарту жұмыстары биыл да жалғасуда.
Айдын КӘЛІМХАН