Бес жылда бір мәрте өткізілетін ТМД құрамындағы мемлекеттер шекарашыларының кезекті жаттығуы биыл Қазақстанда түйінделді. Оған ҚР ҰҚК шекара қызметінің Панфилов аудандық шекара басқармасының жаттығу аймағы таңдалды.
Құрылғанына өткен жылы сәуір айында бір ғасыр толған Жаркент шекара отрядының шеп күзетіндегі тағылымды тарихы, толайым дәстүрлі тәжірибесі және заман талабына сай әскери техникалық, инновациялық құрал-жабдықпен қамтылуы шетелдік шекарашыларды қабылдауға себеп болғаны сөзсіз.
Алдымен аудандық шекара басқармасында Армения, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Белоруссия және Қазақстан шекара қызметі әскерлерінің штап басшылары кеңес өткізіп, достастық елдері шептерін заман талабына сай күзетудің стратегиялық және саяси маңызы, заманауи техника мен қару-жарақты қолданудың озық әдістері, өзара ынтымақтастық секілді маңызды мәселелерді талқылады.
Бірлескен кеңестен кейін шетелдік қонақтар әскери бөлім ауласына орнатылған ТМД елдері рәміздері жинақталған тақта алдында естелік үшін суретке түсіп, ағаш көшеттерін отырғызды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шекара қызметінің басшылары мен әскери қызметкерлерінің жүзжылдық тарихы бар Жаркент шекара отрядының ауласын көгалдандыруға қатысуы өзара ынтымақтас елдердің ниеттестігін арттыруға ықпалы мол екенін айғақтайды.
Бұдан кейін қонақтар бөлімнің әскери даңқ мұражайына барып, Жаркент шекара отрядының өткені мен бүгінгі тіршілігінен мол мағлұмат алды. Шекара қызметінің ардагері, прапорщик Лаура Батырханова мұражай экспонаттарының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, Жаркент шекара отрядының әр кезеңдегі жетістіктері мен шеп күзетіндегі жанкешті ерліктерін, жас шекарашыларға үлгі болатын дәстүрін баяндады.
Мұражайдан Жаркент шекара отрядының жүзжылдық тарихын, отанға адал қызмет етудің ұрпаққа өнеге боларлық бай тағылымын танып, көңілі марқайған ТМД Шекара қызметі Кеңесі бастығының орынбасары, генерал-полковник Александр Монилов мұражайға естелік кәдесый беріп, келушілер кітапшасына жылы тілегі мен қолтаңбасын қалдырды.
Әскери бөлімнің Ақжазық даласындағы оқу-жаттығу аймағында жалғасқан жаттығуда достастық елдерінен келген шекарашылар өздерінің әскери қару мен техникаларды сын сәтте қолдану мен тактикалық, техникалық шеберліктерін сынаудан бәсекеге түсті. Екі күнге созылған жаттығудың нәтижесі бойынша батылдық пен біліктілігін танытқан жауынгерлер халықаралық Әскери кеңестің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





