Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұзындығы 302 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы жалғасуда. Яғни, бұл Жетісу облысының 66 елді мекенін 124 мың адамды қамтитын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары кестеден оза отырып, талапқа сай жүріп жатыр.
Аталмыш газ құбыры өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде қуаттарды кеңейту және ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған шығындарды оңтайландыру үшін стратегиялық мәнге ие.
Айта кетейік, елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдеп, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.
Табиғи газды пайдалану, сондай-ақ, көмірқышқыл газы шығарындыларының төмен деңгейіне, зиянды қоспалардың болмауына және көмір мен мазутпен салыстырғанда жоғары энергетикалық тиімділікке байланысты экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.
А. Ыбырай
Фото: instagram.com