Қазақ «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Бұл сөз – ұлттың ғасырлар бойғы дүниетанымын, өмір сүру философиясын айқындайтын нақыл. Қарт – өткеннің тәжірибесін бүгінмен сабақтап, келер ұрпаққа аманат ететін рухани діңгек. Дегенмен, қазіргі қоғамда осы құндылықтың қадірі қаншалықты сақталып отыр?
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы мәліметінше, Қазақстан халқының шамамен 8,5 пайызы – 65 жастан асқан тұрғындар. Бұл – елімізде «демографиялық қартаю» процесінің басталғанын білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай құбылысты табиғи әрі заңды үрдіс деп бағалайды. Алайда мәселенің түйіні – қарттардың көптігінде емес, олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайында.
Қариялар үшін басты қиындықтардың бірі – материалдық тапшылық. Зейнетақының мөлшері күнделікті тұрмысқа әрдайым жете бермейді. Сондықтан кейбір қарттар қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр. Бұл – бір қарағанда еңбекқорлықтың белгісіндей көрінгенімен, шын мәнінде әлеуметтік қолдау жүйесінің әлсіздігін аңғартады.
Ауылдық аймақтарда жағдай тіпті күрделі. Денсаулық сақтау нысандары жеткіліксіз, дәрі-дәрмек қолжетімсіз, мамандар тапшылығы байқалады. Әсіресе жалғызілікті қарттардың әлеуметтік қолдаусыз қалуы – бүгінгі күннің ең үлкен түйткілдерінің бірі болып отыр.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында қария – биліктің емес, даналықтың иесі болған. Оның сөзі – төр, үкімі – әділдік еді. Ал, қазіргі урбанизация, жеке тұрмыс салты ата-әже институтын әлсіретті. Қалалық жастардың көпшілігі ата-анасымен бірге тұрмайды, кей жағдайда араласудың өзі сирек кездеседі. Бұл – рухани сабақтастықтың үзілу қаупін туғызатын құбылыс па дейсің?!
Әлеуметтанушылардың пікірінше, жаһандану адамдардың қарым-қатынас форматын өзгерткенімен, үлкенге құрмет көрсету дәстүрінен айырылу – ұлттық қауіпсіздікке де әсер етуі мүмкін. Өйткені қартты сыйлау – тек адамгершілік өлшем емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы.
Арнайы дерек көздеріне сүйенсек, Қазақстанда 50-ден астам қарттар үйі бар. Бұл – күтімге мұқтаж қариялар үшін қажетті мекеме. дегенмен, олардың көбеюі – отбасы құндылықтарының әлсірегенін айқын көрсетеді. Ал қазақ қоғамында мұндай мекемелердің мүлде болмағаны белгілі. Әрбір қария өз әулетінде қадірлі орынға ие болып, шаңырақтың құт-берекесі саналған.
Психологтар қарттармен жиі араласатын жастардың бойында төзім, шыдамдылық пен жауапкершілік көбірек қалыптасатынын айтады. Өйткені қарияның өмірлік тәжірибесі – дайын оқулық қой… Осы орайда мектептер мен жастар ұйымдарының ісі маңызды-ақ. Қариямен байланысты тек мерекелік шаралармен шектемей, жүйелі тәрбие құралына айналдыру – уақыт талабы.
«Бізде қарт бар ма?» деген сұраққа статистика нақты жауап бере алады. Бірақ мәселенің мәні санда емес, оның жауабы әр отбасының жүрегінде жатыр.
Қалай десек те «қариясы бар ел – қазыналы ел». Олай болса, қарияны қоғамнан шеттетпей, күнделікті өмірдің бел ортасына тарту – мемлекет пен әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бұған Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ





