Еркін аулындағы жас кәсіп- кердің ісі – адал еңбек пен табандылықтың нақты көрінісі. кейіпкеріміз өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ауыл эко- номикасына үлес қосып отырған жас буын өкілі. Ол Еркін ауылында наубайхана ашқан 25 жастағы Ерболат Еренталов.
Жас кәсіпкердің наубайхана ашқанына небәрі төрт ай ғана болса да, бүгінде ауыл тұрғындарына күн сайын балдай нан ұсынып отыр. Өйткені, ол бұл жолға ұзақ еңбектенудің арқасында жетті. Ерболат бала күнінен ата-анасының кәсіпкерлікпен айналысқанын көріп өсті. Еңбектің қадірін ерте түсінген ол болашағын кәсіппен байланыстыруды жөн санаған. Наубайхана ашпас бұрын Алматы қаласына барып, нан өндірісінің қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинақтаған.
Өзінің жиып-терген қаражаты мен ата-анасының қолдауына сүйене отырып, өткен жылдың маусым айында цех құрылысын бастаған. Қараша айында құрылыс толық аяқталып, кәсіпорын бірден жұмысын бастап кеткен.
Наубайханаға қажетті құрылғылар Алматыдан сатып алынған. Қытайлық және еуропалық заманауи жабдықтар орнатылған. Қамыр илейтін, нан пісіретін, суытатын және сақтайтын құрылғылар толық жұмыс істеп тұр.
Бүгінде мұнда нанның 7 түрі өндіріледі. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – химиялық ашытқы қолданылмайды. Ашытқыны өздері дайындайды. Ал шикізат – жергілікті «Баракат» ұны.
– Жұмыстың басым бөлігі қолмен атқарылады. Қазіргі таңда наубайханада 6 адам еңбек етеді. Әр қызметкердің айлық жалақысы 220 мың теңгеден жоғары. Кәсіпорын тәулігіне 350 – 400 дана бөлке нан шығарады. Әр нанның салмағы 600 грамм. Бағасы 500 – 700 теңге аралығында, бұл қамырға қосылатын қоспаларға байланысты. Жұмыс уақыты таңғы 08-00-ден кешкі 17-00-ге дейін. Сенбі, жексенбі демалыс күндері, – дейді жас кәсіпкер.
Ерболат алдағы уақытта цех көлемін ұлғайтып, өндіріс ауқымын арттыруды жоспарлап отыр. Негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын сапалы, табиғи нанмен тұрақты қамтамасыз ету. Жұмысын ұлғайту үшін мемлекеттің төмен пайызды қаржылай көмегіне ие болуды да ойлап жүр. Алдағы уақытта конкурстарға қатысып, бағын сынап көрмекші.
Қажет Андас,
Еркін ауылы





