Қаңтар айынан бастап еліміздегі дәмханалар, мейрамханалар, караоке-клубтар мен өзге де қоғамдық тамақтану орындары QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосыла бастайды. Жаңа жүйе ойын-сауық және тамақтану мекемелерінде қай әннің қанша рет орындалғанын автоматты түрде тіркеп, авторлар мен орындаушыларға тиесілі қаламақыны әділ есептеуге мүмкіндік береді.
Бұл жаңалық ҚР Әділет министрлігінің QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына арналған баспасөз мәслихатында жарияланды.
Авторлық сыйақыны есептеуге арналған бірыңғай цифрлық платформа биыл іске қосылған болатын. Қазіргі уақытта бұл жүйеге телеарналар, радиостанциялар, театрлар мен кинотеатрлар қосылған. Енді цифрлық бақылаудың ауқымы кеңейіп, музыкалық шығармалар тұрақты шырқалатын мейрамханалар мен дәмханаларды да қамтитын болады.
Орындалған туындыларды тіркеу үшін музыканы автоматты түрде танитын арнайы құрылғылар қолданылуы мүмкін. Олар танымал Shazam қосымшасы секілді әнді бірден анықтап, оның атауы мен орындалған уақыты туралы мәліметті тікелей платформаға жолдайды. Бастапқы кезеңде республика бойынша 500-ге жуық мекемені жүйеге қосу көзделіп отыр.
Бұл жаңашылдық бұрынғыдай мамандардың мекемелерді аралап, орындалған әндердің есебін қағаз жүзінде жүргізу қажеттілігін жоймақ.
«Ұлттық зияткерлік меншік институты» ШЖҚ РМК директоры Сәбит Ахметовтің айтуынша, нысандар қызмет бағытына қарай арнайы санаттарға бөлінеді:
«Біз оларды 8 үлкен және 20 шағын топқа бөліп қарастырамыз. Мысалы, бірінші мен екінші топқа негізгі жұмысы әнмен байланысты дискотека, караоке сынды мекемелер жатса, үшінші және төртінші санатқа дәмханалар мен қонақүйлерді кіргіздік. Осы іріктеу бойынша авторға төленетін сыйақы анықталады», – деді Сәбит Ахметов.
Ал Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Ләззат Утешева авторлардың жүйеге тіркелу тәртібін түсіндірді. Оның сөзінше, өнер иелері платформаға тіркелу барысында туындының өзіне тиесілі екенін растап, банк шотының деректерін енгізуі тиіс. Осыдан кейін авторлар өз шығармасының қай жерде және неше рет шырқалғанын онлайн бақылап, тиесілі қаламақысын ала алады.
Kazpatent (Ұлттық зияткерлік меншік институты) деректеріне сүйенсек, бүгінде QazCopyright платформасына 331 субъект тіркелген. Олардың қатарында телерадиокомпаниялар, түрлі ұйымдар, авторлар, құқық иелері мен музыканы пайдаланушылар бар. Ал бірыңғай жүйеге енгізілген музыкалық шығармалардың жалпы саны 255 мыңнан асты. Алдағы уақытта институт платформа мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Жетісу-Ақпарат»






