Тіл сарайында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты жиын өтті. «Тіл – ел бірлігінің негізі» атты мерекелік шара ұлттар арасындағы татулық пен өзара құрметті, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды басқосуға ұласты.
Салтанатты жиынға келген қонақтар Тіл сарайының фойесінде қазақ халқының рухани мұрасынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Ал күмбірлеген домбыра үні мен қазақтың күйлері мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.
Жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Ақшабаев мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі маңызына тоқталды. Бүгінде тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, елдің тұтастығын нығайтатын маңызды құндылық.
Мерекелік шараның негізгі бөлігі тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттауға арналды. Тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан елеулі үлесі үшін педагогтерге, тіл орталықтары филиалдарының басшыларына, белсенділер мен бизнес өкілдеріне Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, мерекеге орай арнайы номинациялар бойынша үздіктер марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік маман» аталымына Сандуғаш Рысбаева мен Ардақ Сенгірбаева лайық деп танылса, «Үздік тіл үйренуші» номинациясы Оксана Абакумова мен Нина Суковатскийнаға берілді. Ал тілдің қадірін насихаттап, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген Эмиль Курбанов пен Денис Рогожин «Тіл елшісі» аталымымен марапатталды.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, тіл саласының ардагері Раушан Жәнібекқызы жүрекжарды тілек білдірді. Аға буын өкілдері тілдің ұлт руханиятындағы орнын айтып, кейінгі ұрпаққа ана тілін ардақтаудың маңызын жеткізді.
Салтанатты кештің соңы әсем ән мен күйге ұласты. Арафат Ысқақов Кенен Әзірбаевтің «Басты өлең» әнін орындаса, «Күреңбел» триосы «Өз елім» шығармасын әуелетті. Ал Гүлбану Лахаеваның орындауындағы «Қазағым» әні көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Тіл – халықтың жадын сақтайтын рухани қазына. Ол өткен мен бүгінді жалғап, ұрпақты ұлттың тарихы мен мәдениетіне жақындастырады. Сондықтан ана тілін құрметтеу – елді, жерді, ұлттық құндылықтарды құрметтеумен тең. Жетісудағы Тіл мерекесі де осы ойды айқындап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен Қазақстан халқының тілдік бірлігін нығайтудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Медет ЖҰМАБАЙ





