Республика күні – егемен ел болудың, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудың бастауы іспетті. Бұл күн ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған шындыққа айналған, қазақ жерінде дербес мемлекет құруға нақты қадам жасалған тарихи сәттің символы.
25 қазан – өткенге тағзым, бүгінге баға, келешекке бағдар беретін ерекше күн. Бұл біз үшін күнтізбедегі дата емес, шындығында мемлекеттік сана мен ұлттық рухтың биіктегенін, Қазақстанның өз жолын, өз болашағын таңдау құқығының алғаш мойындалған кезеңін білдіретін мереке.
Республика күнін мерекелеу арқылы егемендіктің мәнін, тәуелсіздіктің құнын, мемлекеттіліктің маңызын терең сезініп, ел болудың, жұрт болып жаңғырудың, өз тағдырына өзі ие болудың салмағын сезіне аламыз. Еліміздің бүгінде халықаралық деңгейде беделі артып, экономикасы дамып, әлеуметтік тұрақтылығы нығайса соның барлығы егемендіктің арқасында мүмкін болды.
Қазақстан – Орталық Азиядағы саяси тұрақтылығы мен халықаралық бастамалары жаһандық құрметке ие, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы сияқты бірқатар маңызды халықаралық ұйымдарда төрағалық етіп, өзінің бейбітшілік пен даму жолындағы ұстанымын дәлелдеп отыр.
Соңғы жылдары елді жаңғырту бағыты аясында саяси реформалар жүргізіліп, әділетті мемлекет қалыптастыру жолында тың бастамалар қолға алынды. Мемлекет басқару жүйесі жаңарып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жаңа деңгейде қорғала бастады.
Жалпы, «республика» сөзі латын тілінен аударғанда «халық ісі» деген мағына береді. Демек, Республика күні – халық билігінің, демократиялық құндылықтардың орныққанын білдіреді. Бұл ұғым тек тарихи маңызбен ғана өлшенбейді. Ол елдегі әр азаматтың мемлекет ісіне араласуы, өз даусымен шешімдерге ықпал ете алуы, пікір білдіру еркіндігі сияқты заманауи демократиялық өлшемдермен толыққан ұғым.
Осы ретте Қазақстанда соңғы жылдары жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар дәл осы басқару моделін заман талаптарына сай бейімдеуде. Қоғам мен билік арасындағы диалог арнасы кеңейіп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйелері дами бастады. Бұл азаматтық қоғамның жетілуіне, ел болашағына бейжай қарамайтын ұрпақтың қалыптасуына серпін береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырту туралы шешім қабылдағанда: «Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деп атап өткен еді. Шын мәнінде, айтылған ойлы сөздің символдық маңызы зор. Өйткені елдік пен еркіндікті құрметтеу, мемлекеттің қадірін білу ұлт ретінде жетілген қоғамның басты көрсеткіші.
Жастар үшін бұл мереке тек тарих сабағы емес, ел алдындағы жауапкершілікті сезінуге үндейтін күн. Қазақстанның болашағы білімді, отаншыл әрі бастамашыл ұрпақтың қолында. Олар Республика күнін ұлықтау арқылы өз елінің өткеніне құрметпен қарап, келешекке сеніммен қадам басуы тиіс.
Өз жолын таңдаған Қазақстанның шынайы мемлекеттілікке бет бұрғаны іспен дәлелденіп келеді. Ал жеткен жетістіктеріне баға беріп, болашақ межелерді айқындайтын, елдікке шақырып, рухани жаңғыру жолында екені ұйымдастырылған әрбір ізгілікті шарадан көрініс табуда.
Біз тұрақтылық пен бейбіт өмірге оңай қол жеткізген жоқпыз. Бұл жолда талай буын тер төкті. Енді сол тәуелсіздікті, елдікті сақтау әр азаматтың парызы.
Республика күні сол қасиетті парызды ұлықтайтын, ұлттық бірлікті нығайтатын мереке.
Егемендігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгі болсын!
Амангелді ЕСБАЙ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты





