Дана халқымыз «Елге ел қосылса – құт» деп текке айтпаған. Осы тәмсілді берік ұстаған Үкімет атажұртым деп шегара асып келген қандастарымыз үшін азаматтық алу мәселесін жеңілдетуде. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыдан 2 жыл бұрын«қандас» мәртебесін беру және ұзарту рәсімдеріне қатысты өзгерістер қамтылған жаңа ережелерді жариялады. Бұл қадам «қандас» мәртебесін алуды жеңілдетуге және ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Атамекенін аңсап келген азамат «қандас» мәртебесін алу немесе ұзарту үшін «Құтты мекен» мобильді қосымшасы, Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері, ҚР Мемлекеттік корпорациясының веб-порталы, migration.enbek.kz порталы арқылы тегін өтініш бере алады. Қызмет көрсету мерзімі 30 жұмыс күні. Осыдан кейін «қандас мәртебесі қандай жағдайларда беріледі?» деген заңды сұрақ туындайды. Қандас мәртебесі – Қазақстанның әлеуметтік кодексіне сай өңірлерге қоныстандыру үшін, демографиялық дамуға қажеттілігі бар аймақтарға, агломерация аумақтары, ауылдық елді мекендер, шағын және моноқалалар, туыстарымен бірігу немесе тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу үшін, алдын ала еңбек шарты бар бос жұмыс орнына шақыру бойынша, Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін тағайындалады.
Облыс бойынша былтыр 1862 этникалық қазаққа (870 отбасы) «қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 1777 этникалық қазаққа (818 отбасы) «қандас» мәртебесі берілсе, 85 этникалық қазаққа (52 отбасы) қандас мәртебесі ұзартылған. Қоныс аударған этникалық қазақтар облыстың түрлі аудандарында қоныстанды. Ал 1991-2023 жылдар аралығында облысқа барлығы 56 709 этникалық қазақ (19 195 отбасы) келіп, «кандас» мәртебесін алған. Өңірде қандастарды уақытша орналастыруға барлық жағдай жасалған. Талдықорған қаласында бір бөлмелі екі пәтердің негізінде жиһаздармен және күнделікті тұрмыстық бұйымдармен жабдықталған 8 орынды уақытша тұру орталығы жұмыс істейді. Былтыр жұмыспен қамту органдарына қандас қатарынан 25 адам жүгінді. Олардың 14-і жұмысқа орналасты.
Шеттегi қазақтардың үмiтiн үкiлейтiн бұл бастамалар оларға жасалып жатқан қамқорлықтың бiр көрiнiсi болмақ.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: aikyn.kz





