Елімізде өнеркәсіпті дамыту, инвестициялық әлеуетті арттыру және мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын шетелдік серіктестерге түсіндіру бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі кезеңде экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті жаңғырту мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі болып табылады. Жақында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ҚР Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар жетекшілеріне арналған брифингке қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көрсетілген стратегиялық басымдықтар жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялануы елдің инженерлік инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға тың серпін береді. Осындай ауқымды жоспарларды іске асыруға Ұлттық қордан 6.5 трлн теңге шамасында қаржы қарастырылып отыр.
Министр өз сөзінде мемлекеттік ауқымды инвестициялар тек шикізат тартуға емес, отандық өндірісті дамытуға бағытталуы тиіс екенін қадап айтты. Елдегі өнім тапшылығын болдырмау, терең өңдеу сатыларын игеру және қосылған құны жоғары тауарлар шығару басты назарда тұр.
– Біздің мақсатымыз – жай ғана капитал тарту емес, технологиялар трансферіне, өндірісті локализациялауға, шикізатты терең өңдеуге, білікті кадрлар даярлауға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға негізделген ұзақ мерзімді өнеркәсіптік әріптестік қалыптастыру, – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Ел экономикасындағы құрылымдық өзгерістер нәтижесінде өңдеу өнеркәсіби өндірісінің үлесі айтарлықтай өсті. Қазіргі таңда оның үлесі 13%-ды құрап, дәстүрлі тау-кен өндіру секторының көрсеткішінен (11.9%) асып түсті. Ел аумағында 2023 жылдан бері 647 жоба жүзеге асырылып, жыл соңына дейін тағы 200 өндіріс орынын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар инвесторларға қажетті салықтық және кедендік преференциялар, жер учаскелері мен «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін қолдау тетіктері толық таныстырылды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай жүйелі қадамдар өңірлердегі тұрақты дамуды қамтамасыз етіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосады.





