Қазгидромет синоптиктері ел аумағында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, қатты дауыл тұруына байланысты Қазақстанның барлық облысы мен ірі шаһарларында арнайы дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша республика бойынша суық атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты күн райы күрт құбылып, желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін күшейеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің бас шаһары Астанада найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады, сондай ақ күндіз бұршақ жауып, батыстан соққан желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді. Алматы қаласында да найзағаймен бірге жауын шашын күтілуде, ал Іле Алатауының таулы аймақтарында өте қатты нөсер жауып, бұршақ ұрып, дауылды желдің жылдамдығы 25 метрге дейін күшейеді. Шымкент қаласында түнде және таңертең қатты дауыл тұрып, найзағай жарқылдайды. Оған қоса Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында күн райы қатты бұзылып, кей жерлерде шелектеп нөсер жаңбыр жауып, бұршақ аралас дауыл соғады.
Сонымен қатар Абай, Ұлытау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында да найзағай ойнап, желдің екпіні секундына 23-28 метр аралығында болады. Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жаңбырмен қатар кей жерлерде қалың шаңды дауыл тұрып, көру мүмкіндігі нашарлайды, ал кейбір аудандарда түнде тұман түседі. Жетісу облысында да найзағай жарқылдап, өткінші нөсер жауып, бұршақ түседі, ал таулы аймақтарда желдің жылдамдығы 28 метрге дейін күшейеді. Ауа райының осындай қолайсыздығына қарамастан, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан және Жетісу облыстарының кейбір аудандарында жоғары және төтенше өрт қаупі әлі де сақталып тұр. Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, дауыл кезінде аса сақ болуды сұрайды.





