Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамада архив мамандарының санаты нақты көрсетілмегендіктен, олар «азаматтық қызметші» ретінде есептеліп келеді. Соның салдарынан мемлекеттік архив мамандарына лауазымдық жалақының 25%-ы көлемінде қосымша төлем жасауға қатысты заңдылық мәселелері туындаған.
Осы олқылықтарды ескере отырып, заң жобасында архив саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған жаңа норма ұсынылып отыр. Атап айтқанда, «азаматтық қызметшілер» санатына ауылдық жерде жұмыс істейтін архив мамандарын қосу көзделеді. Бұл өз кезегінде ауылдық елдімекендерде еңбек ететін архившілерге 25% қосымша төлем тағайындауға мүмкіндік береді, – деді Айбек Сыдықов.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда архив мамандарының ең төменгі жалақысы шамамен 160 мың теңгені құрайды, орташа айлық – 260 мың теңге.
Сондай-ақ заң жобасында азаматтардың дербес деректері мен жеке ақпаратын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік архивтердің функциялары нақтыланған.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жаңа ратификацияланатын заң жобаларының қорытындыларын жариялаған болатын.





