Қазақстанның ішкі нарығын газбен қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін ауқымды жобалар жүзеге асады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, тауарлық газ өндіру көлемі 2025 жылғы 27-28 млрд текше метрден 2032 жылға қарай 35-36 млрд текше метрге жетеді.
Бұл өсім Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарындағы газ өңдеу зауыттарын салу арқылы жүзеге асады. Инфрақұрылымды кеңейту өңірлерді тұрақты газбен жабдықтауға және энергия қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді. 2027-2030 жылдар аралығында тауарлық газдың қосымша көлемі 1-2 млрд текше метрге, ал 2032 жылы 6-7 млрд текше метрге артады.
Маңызды жобалар тізбесі:
-
2027 жылы Қашағанда қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты және Жаңаөзенде қуаттылығы 0-1 млрд текше метр болатын ҚазГӨЗ іске қосылады.
-
2029 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі толық аяқталып, тасымалдау қуаты жылына 15 млрд текше метрге көтеріледі.
-
2030 жылға қарай Қашағанда 2-3 млрд текше метр, ал Қарашығанақта 5 млрд текше метрлік газ өңдеу кешендері пайдалануға беріледі.
Министр ірі газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы шикізатты терең өңдеуге және газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға жол ашатынын жеткізді. Өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры өңірлік газ инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.
Газ өндіру мен инфрақұрылымды жаңғырту – елдің экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартудағы негізгі фактор. Энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану арқылы Қазақстан индустриялық әлеуетін арттырады. Газбен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы – өнеркәсіптің өркендеуі мен өңірлердің дамуы үшін маңызды алғышарт. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға негіз болады. Жобалардың толық іске асуы өңірлердегі газ тапшылығын жойып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осы орайда, тиісті министрлік инфрақұрылымды уақытылы тапсыруды басты міндет ретінде қойып отыр.





