Түркістан – Отырар – Арыстанбаб ежелден бір-бірімен кіндіктес мекендер. Түркістандағы 30 бабтың ішіндегі Арыстанбаб есімі бала кезімізден ежелгі жыр-аңыздардан бізге белгілі. Сүрінгенге демеу, қысылғанға таяныш болған, пенденің сұрағанын табуға игі ықпалын тигізген әулие басына келушілер аз емес. Киелі өңірге сапарлап келген туристер алдымен Арыстанбабқа түнеп, ертеңінде Қожа Ахмет Ясауиден тілек тілейтіндігі заңдылыққа айналған.
Арыстанбаб ертедегі аңыз бойынша Түркістанда мәңгі қоныс тапқан Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы деседі. Отырар – ұлы ұстаз әл-Фарабидің туған жері. Әулие Арыстанбаб екеуі қатарлас, жалғас жатып, ұрпақтарына имандылық жолын дарытып келеді.
Біздің делегация таң бозынан Талдықорғаннан шығып, Алматыда таңғы асын ішіп, Таразда түстеніп, қонаға Отырарға жетті. Сол кеште жайлы қонақүйде тыныстап, таңертеңгілік дәм-тұздан кейін құрбандық шалып, әулие мазаратымен танысып, бабамыздың басына құран бағыштадық.
Түркістан ғылым, ілім жолындағы ізденушілерге ұлы ұстаз болып танылған әл-Фарабидің туған жері. Ол кісі ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із қалдырған. Әл-Фарабидің ілімінен бастау алған шығыстың бай мұрасы бүгінгі күні заңды жалғасын табуда. Ғалымның аты мен хаты қалған Түркістанның еңсесін биіктетіп тұрған кезінде Әмір Темір салдырған Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі. Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғалы киелі өңір қайта сілкінді, қайта жаңғырды. Осындай оң өзгерістерді біз мавзолейден басталған саяхатымызда айқын аңғардық. Ұлы Жібек жолынан мирас болып қалған керуен сарайлары шығыс архитектурасына бейімделген. Осы сапарда қазақтың түп бастауы Тұран мемлекетінің шырайы болған шығыстың небір күрделі архитектуралық нысандарын көрдік. Түркістан моншасы сонау ғасырлардан мұра болып бүгінге жетіп, бабаларымыздың шоқ басқан табанының ізі болып көздің жауын алып тұрғаны қызықтырмай қоймайды. Қожа Ахмет Ясауидің Пайғамбар жасынан асқан соң өз қалауымен қаншама жылдар қоныс еткен Қылуеті тылсым жұмбағымен еліктіргені анық.
– Мен имандылық жолына бет бұрғалы киелі мекенге жолым түссе деп армандап едім, – дейді қараталдық зейнеткер Надежда Нестерова. – Осы арманымды жүзеге асырған облыстық ардагерлер ұйымына, оның төрағасы Ермек Әбілмәжінұлына, жылдар бойы кие қонған, қыдыр дарыған мекенге ардагерлер үшін туристік сапар ұйымдастырып жүрген демеушіміз Керімжан Кісенбайұлына алғысымыз шексіз.
– Бұған дейін жолым түспеген Түркістаннан рухым көтеріліп, олжалы оралып отырмын, – дейді ескелділік еңбек ардагері Құрмаш Жаңбырбаев. – Ұлан-байтақ даламыздың құпиясы мен жұмбағын білгіміз келсе киелі бабаларымыздың мәңгілік қонысына жиі ат басын бұруымыз керек екен.
Талдықорған мен Түркістан аралығындағы сапарымыз киелі мекендерге аялдаған тұста талдықорғандық батагөй қария Серік Балқынбековтың мағыналы ақ батасымен ажарланды. Осы сапардан оралысымен жетісулықтарға шығармашылығымен таныс, бүлдіршіндердің ертегішіл әжесі Жұмабала Балақаранова Түркістаннан алған әсерін әлеуметтік желіге жүктеп, көпшілікпен пікір алмасуда.
Сол күні кешкілік біз мінген 45 адамы бар автобус Тараз қақпасынан енді. Көне қаланың ғажайыбын ертең көрейік десек те жолдағы Айша бибі кесенесіне соқпай кете алмадық. Ертеңінде Әулие-Ата ескерткішіне арнайы барып, Тектұрмас әулиенің, Қарахан бабаның кесенелеріне тәу еттік.
Түстен кейін Алматыда аялдап, осы сапарға демеуші болған Жетісуға белгілі меценат Керімжан Бижановқа деген алғысымызды ақтардық.
Бұл сапардың мәні бөлек білгенге,
Мол қазына жолығады жүргенге.
Ғажайыпты алыстардан іздейміз,
Сарқылмайтын көмбе жатыр іргемде.
Сол көмбені көріп көңіл өседі,
Ғұмыр бойы іздегенім осы еді.
Білгің келсе қазынаның кілтін тап,
Кім болғанын кеткендердің кешегі.
Жәдігерлер өткеннен сыр қозғасын,
Жан жадырап, жүректе от маздасын.
Ерлік рухы өршіл жасқа дарысын,
Зерделейтін Отырардың қазбасын.
Бұл сапарда жаңғырды, рас, санамыз,
Жолда аңыз-әпсанаға қанамыз.
Имандылық рухы жанды жебейді,
Қабыл алса Арыстанбаб бабамыз .
Беу, Түркістан, тылсым болып тұнасың,
Астанамсың кеңге жайған құлашын.
Білім рухы құлшындырды ертеңге,
Оқығанда Фарабидің мұрасын.
Босқа өтпеді таңымыз бен күніміз,
Баба ұрпағы ұсақ емес, іріміз.
Сапарда бұл Ер ағамыз бастаған,
Жетісулық ардагердің бірі – біз.
Жоғары ұстап жүрген деңгей-өресін,
Азаматты кіл биіктен көресің.
Керімжандай Жетісудың саңлағын
Сүріндірмей баба рухы жебесін!
Жомарт ИГІМАН





