Ескелді ауданының Сырымбет ауылдық мәдениет үйінде Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының өнерпаздары «Біздер» атты концерттік бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Концерттің шымылдығы «Жетісу» бишілер ансамблінің орындауындағы әсерлі «Қазақ вальсі» биімен түріліп, көрермендерді ұлттық өнердің әсем әлеміне жетеледі. Би ұжымының кәсіби шеберлігі мен сахналық мәдениеті көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында филармония әртістері халық арасында кеңінен танымал «Дүлділім», «Ескі ауыл», «Все равно ты будешь мой», «Туған жер», «Өнер адамы» және өзге де әндерді орындады. Әуезді ән мен көркем хореографиялық қойылым концерттің мазмұнын байытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өнерпаздардың орындауындағы әрбір шығарма көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Мәдени шара ауыл тұрғындары үшін рухани серпіліс сыйлаған әсерлі кешке айналды. Осындай концерттік бағдарламалар халықтың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттауға және өнер мен көрермен арасындағы байланысты нығайтуға зор үлес қосады.




