Іс-шараның шымылдығын «Қазпошта» АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Данияр Есенқұлов ашып берді.
– Мерзімдік басылымға жазылу күні құтты болсын! Бұл – тек газет-журналға жазылу күні емес, бұл – ақпаратпен, біліммен және қоғаммен байланыс орнату күні. Қазір цифрлық дәуірде баспасөзге жазылу азайса да оның маңыздылығы кеміген жоқ. Мерзімдік басылымдар елдің тыныс-тіршілігін айнадай көрсететін сенімді ақпарат көзі болып қала береді, – деді ол.
Келесі сөз кезегін облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы алып, баспасөздің қоғамды тәрбиелеудегі рөлін атап өтіп:
– Газет – ұлттың жадын жаңғыртатын рухани қазына. Қазір көпшілік интернетке сеніп алды. Бірақ ертең сол деректер жоғалып кетуі мүмкін. Ал газет әрқашан қолда, архивте сақталады. Газет бір күндік болғанымен оның сөзі мың күнге жетеді. Біздің «Jetіsý» газетінің 107 жылдық тарихы – соның дәлелі, – деді.
Шара барысында облыстық «Вестник Жетісу» газетінің бас редакторы Хасан Еспанов та ой бөлісті:
– Баспасөз – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Біз облыстың экономикасы, әлеуметтік жағдайы және қоғам тынысы жайлы тұрақты түрде жазып, оқырманымызға нақты ақпарат ұсынып келеміз. Бүгінгі шара үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз.
Салтанатты басқосуда ұзақ жылдар пошта саласында еңбек еткен ардагер Үміт Айдарханова да сөз алып, баспасөзге деген ықыластың бұрынғыдай жоғары болуы қажет екендігін жеткізді.
– Біздің жас кезімізде адамдар газетті асыға күтетін. Бір нөмірі жетпей қалса ренжіп, іздеп келетін. Газет – адамның ой-өрісін кеңейтеді, тәрбиелейді. Қазір жастар көбіне интернетке сүйенеді, бірақ газеттен алынған білімнің орны ерекше, – деді.
Мерекелік шарада Нұрғиса Тілендиев атындағы өнер мектебінің жас өнерпаздары күй шертумен келген жұрттың көңілін көтерді. Жетекшісі Марат Әйнеков өз сөзінде баспасөзге жазылу маусымында журналистерге шығармашылық табыс тіледі.
Шара аясында «Қазпошта» қызметкерлері игі іс жасап, «Айналайын» балалар үйі мен «Ардагерлер» үйіне бірнеше мерзімдік басылымға жазылу сертификаттарын табыс етті. Сонымен қатар, сол жерде газет-журналға жазылған тұрғындар арасында ұтыс ойыны ойнатылып, ақшалай сыйлықтар таратылды.
Баспасөзге деген құрмет пен оқырманмен тікелей байланыс – қоғамның мәдени дамуының көрсеткіші. Мерзімдік басылым күні өткен бұл игі іс-шара осыны тағы бір дәлелдеді.
Гүлжан ТҰРСЫН






