Қазақ тарихын, оның ішінде өз өлкесінің көнеден бергі тарихын зерттеп жүрген тарихшы Молот Солтанаевтың «Жаркент айнасы» (2023 жыл, 28.04. №16) газетінде «Екпемен елін сақтаған» атты тарихи тағылымы мол мақаласы жарық көрді. Осы мақала жөнінде өз халқының өткен ісінен азды-көпті хабары бар оқырмандардың үн қосуы, пікір білдіруі – азаматтық парыз. Автор өз мақаласын, біріншіден, мұрағат құжаттарына, екіншіден, ел аузынан жиналған ата шежіреге және жұрт жадында сақталған аңыз әңгімелерге сүйеніп жазған. Мен өз білетінімді ортаға салғым келеді.
Мақалада: «Жаркент өңірінде, ел арасында есімдері көп айтылмағандықтан жазылмай жатқан, бар өмірін жұртына қызмет жасауға сарп еткен елеулі тұлғалар бар. Сондай тұлғалардың бірі – Бұқамолда Үмбетұлы 1860 жылы қазіргі Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Лесновка (Тоғайлы) ауылында дүниеге келген. Әкесі Үмбет Құрманұлы ауқатты адам болған. Бұқамолданың атасы үш ағайынды Құрман, Шақабай, Шүленбай деген кісілер. Түп-тамыры Байтүгей атамыздан тараған, шешендігімен аты шыққан батыр Аққабақ биден туған Құдайбердінің Тәсібегі. Бұқа ауыл молдасынан сауат ашқан. Әкесі Үмбет Жаркент өңірі арқылы Орта Азиядан Қытай, Үндістанға сауда жасайтын тәжік, өзбек, т.б. керуен басшыларымен достық қарым-қатынаста болған. Саудагерлердің болдырған аттарын қыстай бағып, баптап, оның орнына өз аттарын керуенге қосып отырған. Осындай қызметі үшін керуен басшылары Үмбетке: «Балаңды Бұқарадағы медресеге оқытуға бер, жағдайын жасаймыз», – деп қарымта ниет білдіреді. Көп жұртқа қарағанда кеудесінде сәулесі бар Үмбет келісіп, баласы Бұқа мен досы Жақсыбай екеуін керуенге қосып жібереді. Бұқарадағы атақты «Көкілташ» медресесін ХVІ ғасырда қазақ байлары салдырған деген аңыз бар. Сондықтан, медреседе көбіне қазақ байларының балалары оқыған. Осы оқу орны жөнінде Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» естелік еңбегінде: «Әкем мен үшін, жыл сайын, мені оқытқан мәсіджікке 150 қой, 15 бие жіберетін», – деп жазған.
Бұқа мен Жақсыбай «Көкілташ» медресесінде 4 жыл оқып, діннің бар сырынан, шариғатынан, Құран сүрелерінен, басқа да шарқи кітаптардан көп тағылым алады. Кезінде Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде оқыған қазақтың абыз-әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің: «Көкілташта оқыған адам бай болады, не молда болады, не әулие болады, құр алақан шықпайды», – деп айтқан сөзі айдай келіп, көкірегіне білім байлаған Бұқа медреседен құралақан келмеген. Елге оралған соң «Көкілташта» алған білімін жұртының игілігі үшін жұмсау мақсатында ауылда мешітпен бірге балалар оқитын шағын мектеп салдырған. Алдын болжай білетін әрі көп нәрсені көріп келген оқымысты Бұқа, сонымен қатар, 2 су диірменін салып, жұртының нанға деген сұранысын қанағаттандыратын кәсіппен айналысқан. Қазіргі кезде осы құрылыстың, диірменнің орны Бұрхан жақта сақталған. Бұл кезде Жетісу өлкесін Ресей империясы толығымен күшпен отарлап алған еді.
Бұқамолда мен Жақсыбай ақынның ел аузында сақталған айтысының мәтінін М. Солтанаев өз мақаласында жазып, газет бетінде жариялаған. Атамыздың дәрігерлік қызметі туралы сол мақалада Орталық Мемлекетік архив құжаттарынан мынадай дерек айтылған: «Бұқа Үмбетұлы Жаркент уезінің Байтүгей болысында оспаға қарсы екпе егуші болып қызмет атқарған» 1883-1899 жылдары арасында 1-10 жас аралығында 15 мың балаға шешек екпесін егіп, екпесі сәтті шыққан. Жыл сайынғы жалақысы 60 рубль болған. Ал 1899 жылдан бастап оны жұмыстан қысқартып жіберген. Соған қарамастан Бұқа атамыз уездік емханада тегін дәрігерлік қызмет атқарған. Соңғы 4 жылда (1889-1903) 4 мыңнан астам балаға оспаға қарсы екпе егіп, талай баланы шешек ауруынан аман алып қалған. Архив құжаттарында 1-10 жас аралығында ұл-қыздардың аты-жөні, жалпы саны, тізімі сақталған. «Негізі одан да көп. Бәрінің тізімін жазып едім, құжаттары сақталмай қалды», –дейді Бұқа молданың өзі. (148 баланың тізімі «Жаркент айнасы» газетінде жарияланған) Осындай елге жасаған ерен қызметі үшін Жетісу генерал-губернаторы тарапынан күміс медальмен және «Владимир лентасымен» марапатталған. Бүгінгі таңда архив құжаттарымен жұмыс жасап жатқан ғалымдар: «Мына атамыздың күллі қазаққа жасаған еңбегі зор», – деп өз бағаларын беріп отыр.
Патша тақтан құлап, кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі өмірі бұлыңғырлау. Өйткені Кеңес өкіметі 1920 жылдың ортасынан бастап дін өкілдерін, молдаларды, ишандарды, ахундарды, хазіреттерді және зиялыларды қудалау саясатын және ауқатты адамдардың мал-мүлкін тәркілеуді бастады. Сол кездері шегараға жақын орналасқан аймақтағы оқыған, сауатты, қызметтегі және қарапайым хат танитын адамдарды кінәлаудың бірі – Қытаймен байланысы бар деп айып тағу. Бұқамолда атамызға осындай айып тағылған соң бойына біткен ақындық қасиеті көп арасында көрініс беріп жүрген ақын атамыз 1929 жылы атамекенін тастап, арғы бетке көшуге мәжбүр болған. Бұқамолданың туыстарымен көшетінін білген жергілікті өкімет орындары артынан «Комотрядты» қуғыншы ретінде жібереді. Бірақ, Бұқамолда көштің соңында қалып, «Теріс оқу» арқылы қуғыншыларға қар аралас жаңбыр жаудырып, оларды кері қайтарған. Осылайша аман-есен арғы бетке өткен соң Күнес ауданына орналасып, өз шаруасымен айналысып жүреді. 1929 жылы Құлжа қаласынан шыққан Шиығын Шіліби деген ақынмен дін тақырыбында бір күн бойы айтысып, жеңген. Бұқамолданың бойындағы ерекше қасиетін сезген Шіліби ақын оған: «Құлжаға, менің қасыма көшіп кел, барлық жағдайыңды жасаймын», – деген ниет білдіреді. Бұқамолда: «Мен бір жылдан соң дүниеден өтем, маған дүниенің қажеті жоқ, егер маған сенің шын ниетің ауса, туыстарыма «Уайс» мазарынан мені жерлейтін орын бер», – деген екен. Атамыз өзі болжағандай, 1930 жылы іш сүзегінен қайтыс болады. Сүйегі Құлжа қаласындағы атақты «Уайс» мазарына жерленген. Бұқамолдадан Нұрқабек, Қазы, Мұхамәди, Бектұрсын, Ахмәди деген ұлдар қалады.
Лесновка ауылының 85 жастағы тұрғыны Тұрғанбек және 90 жастағы Матай қариялардың айтуы бойынша кезінде Қазы ШКМ мектебін (Школа крестьянских молодежей) бітірген. Арғы бетке өткен соң Қытай кеңес консулдығында хатшылық қызмет атқарған. Қазы қазақша-орысша сауаты бар, білімді адам болған. Қазы өзінің туысы Рахманбек қажының консулдыққа өткізетін құжаттарын толтырып, жұмысқа орналасуына себепші болған екен. Сауатты жазылған құжатты көрген консул оны жұмысқа қабылдапты.
Бұқамолда Үмбетұлы – мұсылман діні ілімінің білгірі, молда, ақын, дәрігер, кәсіпкер адам екен. Еліне қиын-қыстау кезде қамқор болған, халқының келешегі үшін, болашақ ұрпақ үшін аянбай еңбек еткен атамыз дәріптеуге лайық адам. Осындайда қазақтың халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлының мына сөздері еріксіз еске түседі: «Біз дәлелденген шындықты дәлелдеумен күресудеміз», – дейді. Патшалық Ресей кезінде жүздеген жұрттың баласын ажалдан арашалап алып шыққан әулиелігі зор Бұқамолданы дәріптеуіміз бекер емес. Сондықтан да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өзінің жанқиярлық еңбегімен 4 мыңнан астам балаға шешекке қарсы екпе егіп, ұрпағымыздың өсіп-өнуіне ықпал еткен Жаркент жерінен шыққан тұңғыш дәрігер Бұқамолда Үмбетұлының есімін мәңгіге қалдыру үшін аудан орталығынан бір көшеге атын беру парызымыз деп санаймыз.
Мұхаметәли ТУҒАНБАЕВ,
зейнеткер ұстаз
Жаркент қаласы
Фото: e-history.kz