Егер танысыңыз хабарлама арқылы шұғыл түрде ақша сұраса, дереу қаражат аударуға асықпаңыз. Соңғы кезде мессенджердегі парақшаларды бұзып, халықты тақырға отырғызу оқиғалары жиілеп кетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгінгі цифрлық дәуірде киберқылмыскерлер халықтың сенімін пайдаланып, түрлі айла-шарғыға жүгінеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтардың жеке деректерін қорғау және мессенджердегі парақшаларға бөгде адамдардың рұқсатсыз кіруінің алдын алу бойынша арнайы түсіндірме дайындады. Ең бастысы, мұндай жағдайда қорқынышқа бой алдырмай, нақты әрі сауатты қадамдар жасау қажет.
Аккаунтты бұзылудан қорғаудың ең тиімді тәсілі
ІІМ мамандары мессенджердегі қауіпсіздікті күшейту үшін екі сатылы тексеру функциясын міндетті түрде қосуға кеңес береді. Бұл жүйе аккаунтыңызды үшінші тұлғалардан сенімді қорғайтын негізгі қалқан саналады.
Екі сатылы тексеруді қосу жолы өте қарапайым:
-
WhatsApp қосымшасын ашып, Баптаулар бөліміне өтіңіз.
-
Аккаунт мәзірін, одан кейін Екі сатылы тексеру батырмасын таңдап, Қосу пәрменін басыңыз.
-
Өзіңіз ғана білетін алты таңбалы PIN-код орнатып, оны қалпына келтіруге арналған электрондық поштаны енгізіңіз.
Осы орнатылған PIN-кодты тіпті жақын адамыңызға да хабарламаңыз. Сонымен қатар мессенджердегі Байланыстырылған құрылғылар бөлімін тұрақты түрде тексеріп отыру әдеті қауіпсіздігіңізді 100 пайызға жуық арттырады. Ол үшін жоғарғы бұрыштағы үш нүктені басып, белсенді сеанстарды қараңыз. Егер тізімнен өзіңізге таныс емес құрылғыны байқасаңыз, оны дереу таңдап, Шығу батырмасын басыңыз.
Аккаунтыңыз бұзылғанын қалай білуге болады?
Киберқауіпсіздік мамандары кибершабуылдың басты белгілерін атап өтті. Егер сіздің құрылғыңызда төмендегідей жағдайлар байқалса, шұғыл шара қолдану керек:
-
Белгісіз бөгде құрылғылардың аккаунтқа өздігінен қосылуы;
-
Сіздің қатысуыңызсыз таныстарыңызға хабарламалар мен сілтемелердің жіберілуі;
-
Өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы жиі келуі;
-
Қосымшадан өз-өзінен шығып кетуі.
Егер осы белгілердің бірі анықталса, Байланыстырылған құрылғылар бөліміндегі барлық сессияларды бірден аяқтап, PIN-кодты жаңартыңыз. Сондай-ақ байланыста бар барлық таныстарыңызға аккаунтыңыз бұзылғанын, өзіңіздің атыңыздан ақша сұралса сенбеу керектігін ескертіп, хабарлама таратыңыз. Телефон мен компьютерді вирусқа қарсы бағдарламалар арқылы тексерген де артық етпейді.
Қарапайым цифрлық гигиена ережелері
Алаяқтардың басты қаруы – асығыстық пен азаматтардың бейқамдығы. Сондықтан бейтаныс тұлғалардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, белгісіз қосымшаларды смартфоныңызға жүктемеңіз. SMS арқылы келген біржоралық кодтарды ешқашан ешкімге бермеңіз.
Егер жақын адамыңыздан Ақша аудара салшы, тығыз болып жатыр деген мазмұнда хабарлама келсе, міндетті түрде оған тікелей телефон арқылы немесе басқа байланыс арнасымен хабарласыңыз. Әңгімелесу кезінде тек сіздер ғана білетін оқиғалар туралы сұрап, хабарламаны шынымен сол адамның жібергеніне көз жеткізу маңызды.
Жеке деректердің амандығы – әрбір азаматтың өз қолында. Ал егер қылмыстық әрекеттер орын алып, материалдық шығын келсе, дереу құқық қорғау органдарына жүгініңіз.





