Елімізде тұрғын үй несиесін алу кезіндегі бастапқы жарна талабын алып тастау бастамасы көтерілді. Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары ай сайынғы төлем қабілеті бар азаматтар үшін алғашқы жарна жинау басты кедергіге айналғанын алға тартса, қаржы кеңесшілері мұндай қадам баспана бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін деп ескертеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгінде тұрақты табысы мен оң несие тарихы бар көптеген азаматтар ай сайынғы ипотеканы өтеуге қауқарлы болғанымен, бірнеше миллион теңге көлеміндегі бастапқы жарнаны жинай алмай отыр. Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Имран Османовтың пікірінше, банктер әрбір өтінімді жеке қарастыруы тиіс.
Маман бастапқы жарнаның болуы несиенің 20 жыл бойы мінсіз төленетініне кепіл бола алмайтынын айтады. Себебі қазір қарыз алушылардың басым бөлігі алғашқы жарнаны өз бетінше жинамай, туыстарынан қарыз алады немесе екінші деңгейлі банктерден қосымша тұтынушылық несие рәсімдейді. Егер азаматтың табысы несиені төлегеннен кейін отбасын толық асырауға жетсе, оған жеңілдетілген шартпен немесе бастапқы жарнасыз ипотека беру мүмкіндігін қарастыруға болады.
Дегенмен қаржы нарығының өкілдері бастапқы жарнадан толық бас тартуды құптамайды. Олардың пайымдауынша, несие беру шарттарын шектен тыс жеңілдету тұрғын үйге деген сұранысты күрт арттырып, нарықтағы бағаның қайта шарықтауына түрткі болады.
Жылжымайтын мүлік сарапшысы Александр Пак бастапқы жарнаның төмен болуы қарыз алушыға тиімсіз екенін ескертеді:
«Бастапқы жарна мүлде болмауы да, 5 пайыз болуы да мүмкін. Бірақ бұл ипотеканы арзандатпайды. Керісінше, несиеге алынатын негізгі сома көбейіп, азаматтың мойнына түсетін қаржылық жүктеме артады».
Ал R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғанов алғашқы жарна несие алушының қаржылық тәртібін қалыптастыратынын атап өтті. Оның сөзінше, үй алуға өз қаражатын салған азамат қарызды уақытылы өтеуге жауапкершілікпен қарайды, ал табысын дұрыс жоспарлай білетін адам баспана құнының 10 пайызын жинай алады.
Қаржы мамандары бастапқы жарна талабын түбегейлі жоюдың орнына, табысы ресми расталған және несие тарихы мінсіз азаматтар үшін төлем шарттарын икемді етуді ұсынады. Бұл тетік бір жағынан халықтың баспаналы болуына жол ашса, екінші жағынан банк секторын қайтарылмайтын несиелер тәуекелінен қорғайды.






