Қай салаға болса да өз ісін жетік меңгерген мамандар ауадай қажет. Өкінішке қарай, кейбір салаларда саналы ғұмырын бір жұмысқа арнайтын білікті маман тапшы. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында қара жолдың құрылысына жауапты адам аз.
Жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне ғана емес, экономиканың дамуына да тікелей әсер етеді. Барлығымыз алысты жақындатып, діттеген жерімізге тез жеткізетін, ат тұяғы сүрінбейтін тақтайдай тегіс жолдың болғанын қалаймыз. Өкініштісі, бізде жол сапасы айтарлықтай мәз емес. Өйткені кәсіби маман тапшы. Қала, аудан, ауыл ішіндегі тасжолдың жағдайы өте нашар. Шалғай аймақтағы жолдардың жағдайы сын көтермейді. Көп ауылда жолдар шұрық-тесік, асфальт жабыны тозған немесе мүлде жоқ. Сонымен қатар, жолдың көп бөлігін ауыр жүк көліктері пайдаланады. Ал бұл жолдың тез бұзылуына әкеп соғады. Ғұмырын жол саласына арнаған ардагер мамандар да жол саласына білікті маман керектігін айтуда.
Қазақстан Ресбуликасының Құрметті жолшысы Ашимхан Думбергенов:
– Еліміздің геологиялық және климаттық жағдайы әртүрлі. Оңтүстік пен Батыс ыстық, Солтүстік, Шығыс суық. Әр өңірдің жері, топырағы алуан түрлі. Оны тек білікті мамандар ғана зерттеп біле алады. Негізгі мәселе республикалық маңызы бар жолдар «ҚазАвтоЖолға», аймақтық жолдар облыстық жол басқару мекемесіне бағынады. Екеуіне екі бюджет бөлінеді. Айтпағым, қаржы тек бір жерге бөлініп, министрлікке бағынуы тиіс. Ұсынысым – «Автомобиль жолдары» министрлігі құрылу керек. Біздің ұлан-байтақ жерімізді, әралуан геологиялық жағдайын және климатын зерделейтін үлкен құрылым қажет. Шетелде оқып бітіріп келген мамандар елімізде жұмыс істей алмайды. Олар бізден көш ілгері кетіп қалған. Десе де Қазақстанда оқып, шетелмен қарым-қатынас орнатып, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге болады. Өкітіштісі, жол саласындағы кадр тапшылығына немқұрайды қарауымыз, – дейді.
Ардагер жолшы жол мамандарын даярлайтын оқу орындары Автомобиль жолдары министрлігімен тығыз байланыста болса маман тапшылығы шешіліп, жол сапасы қалыпқа келетінін айтуда.
Ал Талдықорған қаласындағы «Шығыс – 4» ЖШС инженері Серік Бектегенұлы:
– Кеңес дәуірінде әр 50 шақырым сайын ДЭП-тер болатын. Соны қайта қолға алу керек. Өйткені республикалық маңызы бар жол болғандықтан техникалар үлгермейді. Қазіргі уақытта жол саласы бойынша мамандар жетіспейді. Мейлінше жастарды осы салаға көптеп даярлау қажет, – дейді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жол-құрылыс саласындағы маман тапшылығын шешу мақсатында «2000 мектеп» жобасын іске асыруда. Мақсат – болашақ талапкерлерге жол саласының бағыттары мен тұстарын түсіндіру, саладағы жұмыстың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін сипаттап, оқушылардың осы бағытқа деген қызығушылығын ояту. Десе де саналы түрде жол маманы болғысы келетін оқушылар мен студенттердің саны саусақпен санарлықтай.
Жол саласындағы кадр тапшылығын шешу еліміздің инфрақұрылымдық дамуындағы ең маңызды бағыт. Сәтті сапар – сапалы жолдан басталады. Қара жолдың күтімі жақсарса тұрмыс түзеліп, туризм де түлейтіні анық.
Бауыржан ҚАСЫМХАН,
ЖУ-дің студенті
Фото: atr.kz