Үштөбе қаласында кәмелетке толмаған қыздың басына ағаш бұтағы құлап, оқыс жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан қыздың тұрғын үйдің кіреберісінен шығып бара жатқан сәтінде басына жуан ағаш бұтағы құлағанын көруге болады. Оқиғадан кейін маңайдағы балалар жиналып, көмек шақырған.
Кейін жарияланған тағы бір видеода жедел жәрдем қызметкерлерінің зардап шеккен қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан сәті бейнеленген.
Видео авторының мәліметінше, оқиға Үштөбе қаласының 9-шағынауданында болған.
Аталған жағдайға байланысты Үштөбе қаласы әкімдігі түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, әкімдік қызметкерлері мен Мүлік иелері бірлестігінің өкілдері оқиға орнына тексеру жүргізеді.
«Тексеру нәтижесінде аумақтағы ағаштар бұталып, қауіпті бұтақтарды кесу жұмыстары ұйымдастырылады. Бүгінге дейін осы үй тұрғындарынан немесе басқарушы ұйымдардан аталған аумақтағы апатты ағаштарды кесу немесе бұтау қажеттігі туралы әкімдікке ешқандай ресми өтініш пен шағым түскен жоқ», – делінген әкімдік хабарламасында.
Қазіргі уақытта қыздың денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram





