Бір кезде жалдамалы пәтерде түрлі тағам әзірлеп, дастарқан безендіруді ұнатқан Динара Әділбаева бүгінде он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен аспаздыққа деген қызығушылығын кәсіпке айналдырып, ауыл әйелдерінің еңбек етіп, тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасаған.
Динараның кәсіпке келу жолы күнделікті тұрмыстағы қарапайым әуестіктен басталды. Тағам дайындау, оның дәмін келтіріп, дастарқанға жарасымды ұсыну оған ерекше қуаныш сыйлайтын. Уақыт өте қызығушылығын тереңдетіп, арнайы оқулардан өте бастайды. Қазақстанның әр өңіріндегі мамандармен тәжірибе алмасып, шеф-аспаздардан сабақ алады. Үйренгенін іс жүзінде қолданып, біртіндеп кәсіби шеберлігін шыңдайды.
Әр маманның өзіндік әдісі, ерекшелігі бар. Бір-бірімізден үйреніп, тәжірибемізді толықтырдық. Кәсіпкер үнемі ізденіп, жаңа нәрсе үйреніп отыруы керек деп есептеймін, – дейді ол.
Кәсібінің алғашқы қадамын шамамен 500 мың теңге қаражатпен бастаған. Мемлекеттік қолдау аясында берілген қайтарымсыз грантқа пеш пен жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Бұл кезде отбасының өз баспанасы да болмаған. Алайда жалдамалы пәтерде тұруы талапты жанның талпынысын тежей алмады. Қолына тиген мүмкіндікті ұқыпты пайдаланып, сүйікті ісін біртіндеп дамыта берді.
Кейін кәсіптің жаңа бағыты қалыптаса бастайды. Ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысатын отбасы үшін ет өнімдерін дайындау жақын әрі қолайлы іс еді. Динара қазы мен шұжық жасаудың қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгеруге ден қояды. Арнайы оқуға барып ет өңдеу технологиялары жөніндегі білімін толықтырады.
Ізденіс пен еңбектің нәтижесінде өндірісті кеңейтуге жол ашылды. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына қатысып, 5 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған отбасы өндірістік жабдықтар сатып алады. Бұдан кейін жеңілдетілген несие арқылы 28 млн. теңге алып, өндірісті ұлғайтуға, қажетті жабдықтар мен мал алуға жұмсайды.
Екі жылдай жалдамалы ғимаратта жұмыс істегенде табыстың едәуір бөлігі жалдау ақысына кететін. Кейін қолдау білдірген азаматтардың ақыл-кеңесі мен көмегінің арқасында өз ғимаратын алуға мүмкіндік туды. Бүгінде өндіріс орны, дүкені және тағам дайындайтын бөлімдері жұмыс істейді.
Кәсіптің кеңеюі ауылдағы бірнеше отбасы үшін табыс көзіне айналды. Қазір мұнда он шақты адам еңбек етеді. Динара әсіресе жұмысқа орналасуы қиын әйелдерге мүмкіндік беруге мән береді. Ұжымда жасы үлкен екі әйел де өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүр.
Адам бізге тәжірибесіз келіп, осында жұмыс үйреніп, белгілі бір дағды қалыптастырса, бұл біз үшін үлкен жетістік. Жұмыскерлеріміздің жалақы алып қана қоймай, кәсіп үйреніп, өзіне деген сенімін арттырғанын қалаймыз, – дейді Динара.
Кәсіпкердің алдағы арманы да асқақ. Алғашқы қадамдар «Дикош» брендімен тағамдар өндіруге ұласты. Бүгінде осы атаумен үй тағамдарын, ет және қамыр өнімдерін әзірлеп, тұтынушыларға ұсынып келеді. «Дикош» өнімдерінің қатарында қазы, шұжық, ысталған ет, бешбармақ жаймасы, манты мен тұшпара қамыры, түрлі түсті тұшпара, салаттар және дайын ас түрлері бар. Лағман мен борщқа арналған қоспалар да әзірленеді. Мұндай жартылай дайын өнімдер күнделікті жұмыстан қолы босамайтын адамдарға тамақты аз уақытта дайындауға мүмкіндік береді.
Мен үшін кәсіп тек табыс көзі емес. Ол халыққа пайда әкеліп, басқа адамдардың да өз еңбегімен табыс табуына мүмкіндік беруі керек, – дейді ол.
Бір кезде шағын қаражатпен басталған іс бүгінде ауылдастарына жұмыс беріп, күнделікті тіршілігіне демеу болып отыр. Динараның еңбегінің игілігі де осыдан көрінеді.
Қажет АНДАС
Алакөл ауданы





