Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Татулық пен бірлікті, ұлтаралық достықты, халықтар арасындағы қарым-қатынасты насихаттап келе жатқан бірегей қоғамдық ұйымның мерейтойға байланысты игі шаралары еліміздің барлық өңірінде дерлік халықтың қатысуымен сараланып, сарапталып, нәтижелі игіліктері жарқырай көрсетілуде.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі жанындағы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов бастаған бір топ Ассамблея мүшелері Панфилов ауданына келіп, өңір тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді. Онда ұлтаралық қарым-қатынас пен келісім, татулық мәселелері ашық әңгімеленді. Сондай-ақ, қоғамда туындаған түйткілді сауалдарды шешу жұмыстарын дұрыс бағытта, тиімді жолмен жүргізуді, ұлтаралық қатынастағы этно-медиацияның маңызын түсіндіруді мақсат еткен жұмыс тобы алдымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс аумағындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенді өкілдерімен пікірлесті. Алқалы кездесуді облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов ашып, жүргізіп отырды.
– Жетісу облысында 70-тен астам этнос өкілдері тұрақты мекен етуде, – деген Диас Рахметұлы өңірдегі тұрғындардың үлес салмағына тоқталды. – Статистикалық мәліметке сүйенсек, оның 532,4 мыңы қазақ (75), 83,2 мыңы орыс, 44 мыңы ұйғыр, 9,5 мыңы корей, 6,94 мыңы татар. Қалған 2205-ін басқа ұлттар құрайды. Облыс аумағында олардың басын біріктіріп, қоғамдық саяси жұмыстар жүргізетін 22 этно-мәдени бірлестік бар. Солардың ішінде 15-і облыстық деңгейдегі, алтауы аудандық және біреуі қалалық қоғамдық ұйымдар.
Өз сөзінде этно-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіру үшін жергілікті басқару орындары үлкен іс-шаралар өткізуге мүмкіндік туғызумен қатар, материалдық көмек көрсетіп отырғанын атап өткен облыс әкімінің орынбасары еліміздегі барлық ұлттардың тілі мен дінін, салт-дәстүрін заман талабына сай жаңғыртуға берілетін мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Бұдан соң Астанадан келген қонақтар Головацкий кентіндегі мәдениет үйінде өңір өнерпаздарының өнерін тамашалады. Күрделі жөндеуден өткізіліп, әрі мен сәні кірген мәдениет үйінің кең залына лықа толған жергілікті этно-мәдени ұйымдардың өкілдеріне Қазақстан Халқы Ассам- блеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі жанындағы ҚХА хатшылығының төрағасы Марат Алмасұлы арнайы сапардың мақсатын, Жетісу облысындағы этно-мәдени бірлестіктердің мерекелік басқосуын ұлттар достығының ұясындай болған жазиралы Жаркент өңірінде өткізудің мәнін түсіндіріп өтті. Сөзінің соңында бір топ жаркенттік еңбек озаттары мен қоғам белсенділеріне «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі мен Ассамблея төрағасының Алғыс хатын салтанатты жағдайда тапсырды.
Салтанатты шараға жиналған көпшілік мәдениет үйінің көрме залына қойылған «Жаркент мешіті сәулет-көркем- өнер мұражайындағы» тарихи қолданбалы экспонаттарды, «Әбілхан Қастеев көркемсурет» галереясындағы картиналар мен этно-мәдени орталық мамандары дайындаған ұлттық қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Мырзағали Нұрсейіт