Кербұлақ ауданына қарасты ауылдарда 100 тұрғын үйдің құрылысы жүріп, 100 отбасыға баспана кілті табысталды.
Сарыөзек ауылында да көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріліп, тағы 2 үйдің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы «KazStroy-building» және «Жігер КазСтрой» ЖШС-мен меморандумға қол қойылып, үй құрылысы басталған. Бұл баспаналармен тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған азаматтар қамтылатын болады.
Бір көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үй «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның қаржыландыруы есебінен салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Exclusive Construction» ЖШС жүргізуде. Келесі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға аудан әкімдігі мен «Компания Реал-Строй» ЖШС арасында меморандумдық келісімшарт жасалып, осыған сәйкес аталған серіктестік үй құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізу келісілді.
Құрылысы аяқталған үйді аудан әкімдігі жеке құрылыс салушы мердігер ұйымынан сатып алып, баспанасы апатты деп танылған азаматтарға кезегімен тапсырылады. Жалпы аудан бойынша мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. Айта кетейік, үй кезегінің жылжуын online бақылауға мүмкіндік бар. Осы үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуде Бірыңғай электронды база құрылған.
Раушан Бисембекова,
Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы
Фото: uralskweek.kz





